Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қарағандыда Нигерияның екі тұрғыны 30 мың доллар ұрлағаны үшін сотталды

AstanaTV
09.08.2018ж. 20:00
2887
Қарағандыда Нигерияның екі тұрғыны 30 мың доллар ұрлағаны үшін сотталды

Қарағандыда Нигерияның екі тұрғыны 30 мың доллар ұрлағаны үшін 5 жылға сотталды. Қазыбек би аудандық соты түрік кәсіпкерінің үйінен қомақты соманы жымқырған шетелдіктерге қатысты осындай үкім шығарды.

Гүлбаршын Жітікова, Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы:

Нигерия Республикасының екі азаматы да ҚР ҚК 188 - інші "алдын ала келісіп, аса ірі көлемде ұрлық жасау" бабымен 5 жылға сотталды. Орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде жазаларын өтейді. Жапа шеккен азаматқа келген материалдық шығын 10 млн 490 мың 4 жүз теңгені сотталғандар тең бөліп қайтарады.

Еске салсақ, былтыр күзде Қарағандыға жұмыс іздеп келген нигериялық екі азамат түрік кәсіпкеріне өздерін инвестор ретінде таныстырған. Ісін кеңейтуге көмектесетіндерін айтып, сеніміне кірген. Осылайша, пәтеріндегі 30 мың АҚШ долларын ұрлап кетеді. Ішкі істер органдарының мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысына 30 мыңнан астам шетелдік келген. Нәпақа табу мақсатымен шекара асқандарға қатысты 11 қылмыстық іс тіркелген. Ал әкімшілік істер едәуір көп.

Сұлтан Рысқалиев, Қарағанды облыстық ІІД көші-қон басқармасының бөлім инспекторы:

Жыл басынан бері шетелдіктер арасында көші- қон заңына қатысты 2700 заң бұзушылық анықталды. Негізі олар 3 немесе 5 күннің ішінде тіркелуі тиіс. Кейбіреулері мұны ұмытады. Оларға ең алдымен ескерту жасаймыз, орындамаса сотқа береміз.