Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстанда әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың 88%-ы Астана тұрғындары-әкімдік

AstanaTV
31.10.2018ж. 20:00
2618
Қазақстанда әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың 88%-ы Астана тұрғындары-әкімдік

Астана әкімдігі әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмысты жандандыруы керек. Бұл қалалықтармен кері байланысты жақсартуға септігін тигізеді. Мәслихат депутаты Қарақат Әбден мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруды талқылау жиынында осындай ұсыныс айтты. Өйткені, бүгінгі таңда желі қолданушылардың саны айтарлықтай өскен. Әрі Астана халқының 88 пайызы оған тіркелген. Депутаттың айтуынша көлік, білім беру саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты шағым көп. Бұдан бөлек, Қарақат Әбден жастармен байланысты нығайту керек деді.  

Қарақат ӘБДЕН, АСТАНА ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 

Жастармен жұмыс жасау керек. Олар газет оқымайды, теледидар көре бермейді. Қазіргі жастардың қызығатыны -әлеуметтік желілер. Менің аккаунтыма жұмысқа орналасу және әлеуметтік бағдарламаларға қатысты сұрақтар көп түседі. Демек, желілерде бұған қатысты ақпараттар өте аз.  

Қоғамдық даму істері басқармасы басшысы да салада бірқатар шешілмеген мәселелер бар екенін жасырмады. Олардың бірі-сапалы контенттік материалды дер кезінде ұсынбау. Данияр Есиннің айтуынша, бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жария ету бойынша 18 арнайы медиа-жоспар әзірленген. Сондай-ақ, қоғамдық пікір туғызатын оқиғалар болған кезде жедел ақпаратты ұсыну механизмі бар. Бұл бағытта әкімдіктің ресми сайты жақсы жұмыс атқарып келеді. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам ақпараттық хабарлама жарияланған.  

Данияр ЕСИН, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Ақпараттық жұмыс жүргізу барысында халықтың әлеуметтік сауалдары мен проблемалары ескеріледі. Осының негізінде біз мемлекеттік органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргіземіз. Әрине, олар жаңалық сипатында ғана емес. Әлеуметтік бағдарламаларды нақты шешудің жолдары да көрсетіледі. 

Ғ. Қылышбаева