Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Оскар» сыйлығына кімдер ие болды?

AstanaTV
25.02.2019ж. 20:00
3290
«Оскар» сыйлығына кімдер ие болды?

Голливудта «Оскар» жүлдесі табысталды. Америка кино өнері академиясының шешімімен режиссер Питер Фареллидің «Жасыл кітап» туындысы «Үздік фильм» деп танылды. Бұл картина «Ерекше сценарий» және «Екінші пландағы үздік актер» аталымдары бойынша да топ жарды. «Богем рапсодиясы» фильмі де бірнеше мүсінге ие болды. Кино әлеміндегі 91-ші салтанатты рәсім туралы толығырақ Данияр Қайыртай тарқатады.   

Биылғы Оскардың ерекшелігі сол - соңғы 30 жылда алғаш рет жүргізушісіз өтті. Салтанатты кештің шымылдығын әйгілі «Queen» тобы түрді. Олар ән салғанда жұлдыздар да қарап тұрмай, қосыла кетті. 

Көпшілік тағатсыздлана күткен ең қызықты сәт - рәсімнің соңында болды. 2018 жылдың ең үздік фильмін Джулия Робертс жариялады. «Жасыл кітап» фильмі 8 қарсыласын басып озды. Картина гастрольдік сапарға шыққан белгілі джаз-пианинашы Дон Ширли мен қарапайым көлік жүргізуші арасындағы достық жайында өрбиді. Фильмде нәсілдік кемсітушілік те қозғалады.  

Питер ФАРРЕЛЛИ, «ЖАСЫЛ КІТАП» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ: 

Бұл оқиға қандай бір айырмашылыққа қарамастан бір-біріне деген құрмет пен махаббат жайында. Біздің кім екеніміз осыда жатыр. Виго Мортенсен болмаса, осының бірі де болмас еді. Барлық мақтау соның құрметіне!

Ал, «Шет ел тіліндегі үздік фильм» ретінде Альфонсо Куаронның «Рома» шығармасы марапатталды. Осылайша алғаш рет мексикалық фильмге Оскар бұйырды. Картинада «оператор жұмысы» да үздік танылды. 

Альфонсо КУАРОН, «РОМА» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ: 

Кинолента 1971 жылғы студенттік шиеленістен кейінгі мексикалық отбасының өмірі жайында. Бірде Клод Шаброльден жаңа толқын туралы сұрапты. Сонда ол «Толқын деген жоқ, тек мұхит бар» деп жауап берген екен. Менің ойымша, біз осы еңбегіміз арқылы сол мұхиттың бір бөлігі екенімізді дәлелдедік.

Фреди Меркюрийді қайта тіріліткен «Богем рапсодиясы» бірнеше мүсіншеге лайықталды. Әлбетте, Рами Малек үздік актер атанды. Ол фильмді түсіруге атсалысқандардың бәріне алғыс білдірді. Тек режиссер Брайн Сингерді атамады. Оның өзі салтанатты рәсімге қатысқан эоқ. Сингерге педофилизим үшін айып тағылған.  

Рами МАЛЕК, «БОГЕМА РАПСОДИЯСЫ» (ҮЗДІК АКТЕР): 

Мені осындай дәрежеге жеткізген барлық адамға ризамын. Қолымнан келген секілді. «Queen»-ге рахмет.

Рами Малек қобалжыса керек, сахнада сүрініп кетті. «Үздік әйел рөлі» «Фаворит қыз» фильмінде патшайым рөлін сомдаған Оливия Колманға бұйырды. Жалпы, «Долби» театрының сахнасында 24 Оскар мүсіні табысталды. Әнші Леди Гага «Жұлдыз туды» картинасында «Shallow» әнін шырқағаны үшін жүлделі болды. Эпотажды кейіпкер құны 40 млн доллар болатын гауһар әшекейімен де елді таң қалдырды. 

Леди ГАГА, «ЖҰЛДЫЗ ТУДЫ» (ҮЗДІК ӘН):  

Осы залдағылардың бәріне алғысым шексіз. Брэдли, менімен осы әнді орындай алатын жалғыз адам сенсің. Бізге білдірген сенімдеріңіз үшін рахмет! Мәселе жеңісте емес, берілмеуде. Армандарыңыз үшін соңына дейін күресіңіздер. Қанша құласаңыздар да, мойымаңыздар. Тұрып, қайта бойыңызды тіктеңіз!

Д. Қайыртай