Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Оралда мүгедек кәсіпкер индустриалды сертификат ала алмай жүр

AstanaTV
11.12.2019ж. 20:00
3002
Оралда мүгедек кәсіпкер индустриалды сертификат ала алмай жүр

Оралдық мүгедек кәсіпкер Біржан Қожақов индустриалды сертификат ала алмай жүр. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін құжаты болмаған соң тендерге қатыса алмай, тапсырыстан қағылыпты.

Айтуынша, бұл құжатты алу үшін кемінде он шақты миллион теңге төлеуі керек. Ал өзі секілді мүгедектерді жұмыспен қамтып отырған жігіт ағасында мұндай қаржы жоқ. Кәсіпкердің сөзінше, индустриалды сертификат Нұр-Сұлтан қаласында ғана беріледі. Оны алу үшін өзі шығаратын 500-ге тарта жиһазды көлікке тиеп апарып, сол қалада сынақтан өткізу керек. Бұл аздай кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу үшін үш сарапшыны Оралға алдыруы тиіс.

Біржан ҚОЖАҚОВ, КӘСІПКЕР:

Сол адамдардың осында келіп, кейін қарай кетуі, қонақүйде болуы, тамағы, бәрі біздің қалтамыздан шығады. Сонда бәрін есептеп қарағанда, біздің шығын шамамен он миллионның үстіне шығады. Біздей ондай қаражат та жоқ. Енді осы тығырыққа тіреп отыр. Бізде 35 адам жұмыс істейтін еді, қазір 7 адам жұмыс істейді. Енді білмеймін, кімді кінәлаймын. Өзімді кінәлаймын ба әлде үкіметті кінәлаймын ба? Айналғанда біз жұмыссыз қалдық.

Ал кәсіпкерлер палатасы мұны теріске шығарды. Олардың сөзінше, құжат жинауға үш ай жеткілікті. Әрі жиһазды елордаға апарып, әуреленудің де керегі жоқ көрінеді. Астанадан келетін сарапшының жолақысын төлесе жеткілікті. Сондағы шығын 170 мың теңгеден аспайды екен. Өйткені Оралда жиһаз жасаушылар қауымдастығы жоқ. Сондықтан сарапшыны сырттан алдыруға тура келеді екен. Әзірге сертификатты өңірде он шақты компания алыпты. Даулы құжатты бірнеше кәсіпорынның бірігіп алуына да болады екен.

Бақдәулет ЫБЫРАЙЫМОВ, "АТАМЕКЕН" ҰКП БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кәсіпкерлер палатасының атынан бүкіл қандай қиындықтар туындады, кәсіпкердің түсінбеушілігі болып жатқан шығар? Мамандардың құжат жинауға қатысты қиындықтар болған шығар? Толығымен жұмысты жүргізіп, қол ұшымызды береміз.

Е. Карин