Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қостанайда кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген экс-шенеунік сотталды

AstanaTV
28.05.2020ж. 20:00
1753
Қостанайда кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген экс-шенеунік сотталды

Қостанайда кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіріп, бизнесменнің мүлкін талан -таражға салған экс-шенеунікке қатысты сот үкімі шықты. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Алексей Тарасов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Іс деректеріне сүйенсек, экс-басшы 2018 жылы үкімет мүддесіне тәркіленген жер аумағындағы мүлікті жасырып қалған. Кейін газ құю бекетін хабарландыру арқылы бөлшектеп сатып, 5 миллион теңгені қалтаға басыпты. Алексей Тарасов мемлекеттік сатып алу кезінде де заңсыздыққа жол беріп, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген көрінеді. Ол қаладағы орталық саябақтың кіреберісін 80 миллион теңгеге декоративтік безендіру үшін жеке кәсіпкермен біржақты, келісім-шарт жасасқан. Кейін шартты бұзып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның талаптарына қарамастан, мердігердің атына нысандағы жұмыстарды тоқтату туралы хабарлама жіберіп отырған. Ал, тапсырыс беруші тарапынан жұмыстың тоқтатылу себептері көрсетілмеген. Сот отырысы онлайн түрде өтті. Қалалық бөлімнің бұрынғы  басшысы сот залында қамауға алынды.

Зәуре ЕДИКОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  бөлімінің бұрынғы басшысы қылмыстық кодекстің 361 бабы 4 бөлімі,3 тармағы және 365 баптың 3 бөлімі 2 тармағы бойынша жазаға тартылды.Сот 58 баптың 3 бөлімін қолдана отырып 3 жыл 6 айға бас бостандығыннан,өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айырды.


З. Санай