Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Степногорск қалалық емханасы апатты жағдайда тұр

AstanaTV
09.06.2020ж. 20:00
2372
Степногорск қалалық емханасы апатты жағдайда тұр

Ақмола облысы, Степногорск қаласының тұрғындары қаусап тұрған емханада ем қабылдауға мәжбүр. Шатыры "шайқалған" емхананың төбесінен су аққалы 3 жыл болды. Қала тұрғындары аурухана қабырғалары құлауға шақ тұр,- дейді. Айтуынша жауын-шашында төбеден сорғалаған судан аяқ басып жүру мүмкін емес. Жазымды жазатын орыннан сескенген халықтың базынасын әріптесім Ғалымжан Өтемісов тыңдап қайтты.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Дәл қазір біз Степногорск орталық емханасының 9-шы ықшам ауданындағы филиалындамыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай емхана апатты жағдайда тұр. Тұрғындар жауын-шашын жауса, аяқ алып жүру мүмкін емес деп отыр.

Бұл кадрда емхананың төбеден су аққан кездегі көрінісі бейнеленген. Жұрт сорғалаған су бірнеше сантиметрге дейін көтеріледі деп отыр. Ал жөндеу жұмыстары соңғы рет 12 жыл бұрын жүргізіліпті. Тұрғындар жергілікті әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған, тіпті облыстық денсаулық сақтау басқармасының да табалдырығын тоздырдық деп отыр. Алайда "Баяғы жартас сол жартас".

Даниял БИСЕКЕНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз не істейтінімізді де білмейміз. Акиматқа барсақ кіргізбейді, ана жаққа барсақ, олар арыз қабылдамайды. Осындай поликлиникаға балаларды әкелуге шаршадық, қорқамыз тіпті.

Гүлдана РОМАНОВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Негізі жылда шатырға жөндеу жүргізеді. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Жауын жауса болды бәрі қайтадан бұрыңғы қалпына келеді. Шелек толып тұрады. Дәрігерлердің де ығыры шықты. Дұрыстап жөндеу жүргізсе болар еді.


Кеңес заманында іргесі қаланған емханаға 12 мың адам тіркелген. 40-қа тарта маман жұмыс істейді. Десе де, күрделі жөндеу жұмыстарына жарымай келеді. Тұрғындардың айтуынша, түсірілім тобы келеді дегенді естігеннен, шатырға құрлысышылар шақыртылыпты.

Емделушілер мұндай үрдіс жылда қайталанады деп отыр. Алайда, бірнеше жауыннан кейін бәрібір су басып кететінін айтады. Ал емхана басшылығы бұл жолғы жөндеуден кейін төбеден су ақпайды,-деп сендірді.

Рүстем ЫСМАҒҰЛОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Өздеріңіз көргендей біз жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Шатырға керекті құрылыс материалдарын жеткіздік. Әрине біраз кемшіліктер бар. Дегенмен жөндеуді сапалы түрде жүргіземіз. Бұған толық мүмкіндігіміз бар. Бірақ күрделі жөндеу әзірге жүргізілмейді. Себебі, сметалық құжат енді ғана әзірленіп жатыр. Қашан аяқталарын нақты айта алмаймын.

Бас дәрігер шатырдың кетігін бірнеше күнде жамап бітеміз деп отыр. Айтуынша емхана жуырда мемлекеттік жекеменшік әріптестікке өткізіледі. Сол кезде орталық емхана мен барлық филиалдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ал әзірге халықтың күтуден басқа амалы жоқ.

Ғ. Өтемісов