Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстанда 5 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, 18-і қайтыс болды, - А. Есмағамбетова

AstanaTV
03.07.2020ж. 20:00
3442
Қазақстанда 5 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, 18-і қайтыс болды, - А. Есмағамбетова

Қазақстанда 5 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, 18-і қайтыс болды. Алайда оның бәрі індеттен емес. Елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері осыны мәлімдеді. Жалпы бұл көрсеткіш ауырып жатқандардың 11,5 пайызын құрайды. Айжан Есмағамбетова ақхалатылардың арасында COVID-19-бен қатар жүрген пневмонияға шалдыққандардың барын да жеткізді.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, медициналық қызметкерлер арасында 18 қайғылы жағдай тіркелді. Олардың қатарында алғы шепте, яғни COVID-19 ауруын жұқтырғандарға көмек көрсеткендер де бар. Сонымен бірге, аталмыш саланың 492 жұмыскерінің өкпесі қабынған. 511 медициналық қызметкер емін жалғастыруда.


Пневмония демекші бұл дерттің азабын көрушілердің саны да анағұрлым өсіпті. Тек маусым айының өзінде 630-дай адам осы аурудан көз жұмған. Бұл, әрине, жаға ұстатарлық жәйт. Десе де бас санитарлық дәрігер өткен жылдың статистикасымен салыстырғанда анау айтқан өзгеріс жоқ дейді.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында өлім-жітімнің - 1780, ал биыл - 1772 жағдайы тіркеліп отыр. Ал осы жылдың маусым айында пневмониядан қайтыс болғандардың саны 628-ге жетті. Пневмониямен ауыру жағдайына келсек, биылғы алты айда 55 проценттік өсім байқалады. Ал маусымда бұл көрсеткіш тіпті төрт есеге өскен.

Екі бірдей ауру өршіп тұрған уақытта ауруханаларда орын тапшылығы өткір тұр. Оңтүстік астана провизорларында тіпті орын жоқ. Денсаулық сақтау министрінің орынбасарының өзі бұл ақпаратты растап отыр. Айтуынша, Алматы мен Шымкентте реанимациялық төсектер жетіспейді. Сорақысы, алғашқы көмек көрсететін жедел жәрдем көліктерінің де аздығы байқалады.

Ажар ГИНИЯТ, ТҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:


Байланыста болған адамдардың саны елде көбеюде. Ол бүгінгі таңда 115 мың адамға жетті. Байланыста болғанда әлеуетті науқас болғандықтан, дәрігерлер оларды ковидке тестілеу, динамикалық бақылау жұмысын жүргізуде. Өкінішке қарай, азаматтар арасында байланыста болғанын әдейі жасыру жағдайы да болады. 

Коронавирустық инфекцияға күдікті науқастар енді жедел жәрдем арқылы ПТР тестін тапсыра алады. Ол ақылы негізде жүргізілмек.

Ажар ГИНИЯТ, ТҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Министр мырза айтып кеткендей, қазір емханаларда және жедел жәрдем қызметінде мобильді бригадалар құрылады. Олар қазіргі таңда жұмысын бастап кетті. Тарифі әзірленді. Құны - 5400 теңге.

COVID-19 бойынша сандарды сөйлетсек: өткен тәулікте 1500-нан астам адамнан індет анықталған. Осылайша, республика көлемінде науқастардың саны 44 мыңнан асты. 200 өлім дерегі тіркелді. Министрліктің ұсынған мәліметі бойынша, 256 адамның жағдайы ауыр. Бұдан бөлек, пандемия өршіген Өскемен мен Семей қаласы 5 шілде күні карантинге жабылатын болды.

А. Данияр