Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

COVID-19 Бразилия жаңа вакцинаны сынақтан өткізеді

AstanaTV
21.07.2020ж. 20:00
1840
COVID-19 Бразилия жаңа вакцинаны сынақтан өткізеді

Карантин, локдаун және өзін өзгелерден алшақ ұстау. Бұл әдістің бірі де, Бразилияда жұмыс істеп тұрған жоқ. Халқы тығыз орналасқан бұл елде COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 2 млн-ға жетіп қалды. 80 мыңға жуық адам қаза болған. Тығырықтан шығудын бірден-бір жолы - вакцина. Сан-Паулу әкімінің айтуынша, жаңа дәріні сынақтан өткізу басталған. 90 күннен кейін аяқталуы тиіс. Вакцинаны Қытайлық Sinovac пен Бразилиялық Instituto Butantan кәсіпорыны дайындапты.

Жоао ДОРИА, САН-ПАУЛУ ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

Бүгін Бразилия ғылымы үшін тарихи күн. Таңертең Сан-Паулуға 20 мың дана вакцина келді. Тестілеу ертең басталады. Клиникалық ауруханаға қол ұшын беретін еріктілер керек. Егер бәрі сәтті өтсе вакцина өндірісіне кірісеміз.

Қытайлық індет АҚШ-та да өршіп тұр. Бір ғана Флорида штатында коронавирус жұқтырғандар 360 мың адамнан асып түсті. Калифорнияда да жағдай мүшкіл. Тест тапсыру үшін халық сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Алайда жергілікті билік, "Ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны өскен жоқ", деп отыр.

Гэвин НЬЮСОМ, КАЛИФОРНИЯ ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Жұқтырғандар саны құбылмалы. Бұл әрине біздің әрекетімізге байланысты. Мысалға дерттің таралуын азайту мақсатында шаштараздарға далада жұмыс істеуге рұқсат еткіміз келді. Бірақ ол шаштараздарға қолайсыз болып шықты.


Колумбияда да ахуал мәз емес. Мұнда кеселге шалдыққандар саны 200 мыңнан асып жығылды. Алайда, биліктегілер бейқам.

Луис ХОРХЕ ЭРНАНДЕС, ЭПИДЕМИОЛОГ:

200 мыңнан қорқатын түгі жоқ. Ауырғандар миллионға жетуі мүмкін. 200 мыңы ол зертхана дәлелдегендер. Бұл басы ғана. Эпидемия әр адам ауырып шыққанша жүреді. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес. Дегенмен бей-жай қарауға болмайды.

Әлемде қытайлық індет белгілері бар 14 млн 600 мың адам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегеніне қарағанда соңғы тәулікте 260 мың адам коронавирусты жұқтырған. Бұл - рекорд. Ең көп науқастар АҚШ, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка елдерінде тіркелген.  

Д. Мұхаммедкәрім