Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қазақстанда коронавирус жұқтырған 198 науқастың жағдайы ауыр, - ДСМ

AstanaTV
05.08.2020ж. 20:00
1864
Қазақстанда коронавирус жұқтырған 198 науқастың жағдайы ауыр, - ДСМ

Қазақстанда коронавирус жұқтырған 198 науқастың жағдайы ауыр. Оның 29-ының өмірі қыл үстінде. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 41 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылыпты. Жалпы ел аумағы бойынша 26 мыңнан астам науқас індеттен емделуде. Олардың арасында кәмілет жасына толмағандары да бар.

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:

Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияны 1 мың 799 жұқтыру дерегі және 17 өлім жағдайы тіркелді. Науқастардың жалпы санын, қайтыс болғандар және қоғамдағы маңызды жағдайларға қатысты деректерді ресми ақпарат көздеріне жедел жариялап отырамыз. Ал, аймақтардағы ахуал туралы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі, апта сайын арнайы брифингте хабарлайды.

Қазір Үкімет коронавирус күзде қайта бас көтеруі мүмкін екенін болжап, дайындықты бастап кетті. "СК-Фармация" компаниясы 24 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек қорын жинауға кіріскен.

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


COVID-19 келесі толқыны басталатын болса, 24 млрд теңгеге екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда. Сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды тапшы 19 дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі пысықталып жатыр. «СҚ-Фармация» оларды қалалар мен ауылдық елді-мекендердегі әр дәріханаға жеткізеді.

Ал, Германияда Қытайдан шыққан аурудың екінші толқыны басталып кетті. Елдің "Marburger Bund" дәрігерлер қауымдастығының дерегінше, наурыз-сәуір айларындағы кезеңге қарағанда қазір әлсіз жүріп жатыр.

Зузанне ЙОНА, "MARBURGER BUND" ДӘРІГЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз қазір індеттің жеңіл түрін өткізіп жатырмыз. Пандемия баяу өсіп келе жатқандықтан, біртіндеп шаралар қабылдау қажет. Жұқтырғандар саны өсуде. Германияда қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалту қаупі де туып тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы бес айда жастар арасында коронавируспен ауыратындардың саны үш есе өскенін хабарлады.

Нейса ЭРНСТ, АҚШ ДЖОНС ХОПКИНС АУРУХАНАСЫНЫҢ АҒА МЕДБИКЕСІ:

Германия, Испания, Франция және Жапония сияқты елдерде кеселді жұқтырғандардың арасында жастар көп. Әдетте олар бетперде мен әлеуметтік қашықтықты сақтай бермейді. Жастар жағажайларға, клубтарға немесе сауда-саттық орындарына баруға бейім келеді.

Әлемде COVID-19-ды жұқтырғандар саны 19 миллионға жуықтады. 700 мыңнан астам адам қайтыс болды. Ал, Қазақстанда коронавирус белгілері 95 мыңға жуық адамнан анықталса, індет белгілеріне ұқсас пневмониямен 8 мыңнан аса науқас тіркелген. Өкінішке қарай, КВИ-ден 1091, өкпе қабынуынан 86 адам бақилық болды.

А. Данияр