Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Павлодарда жер дауы: "Астана" телеарнасынан көмек сұраған кәсіпкер жеңіске жетті

AstanaTV
07.08.2020ж. 20:00
2686
Павлодарда жер дауы: "Астана" телеарнасынан көмек сұраған кәсіпкер жеңіске жетті

Бұл дау Железинка ауданындағы Үрлітүп ауылынан басталды. Шенділер диқандар арасында жер үлестіретін байқау жариялаған. Алайда, лотты жергілікті шаруалар емес сырттан келген кәсіпкерлер ұтып кетіпті. Шенеуніктер оның себебін, "Жергілікті диқандардан арыз түспеді", деп түсіндірген. Осының салдарынан, 180 гектар жер бөтенге өтіп кетіп, диқандар жайылымға малын да шығара алмай қалыпты.

Қанат КАШКИРОВ, ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Осы іске байланысты комиссия төрағасы, яғни, аудан әкімінің орынбасары Баулыбай Аужанов, дұрыс бақылау жүргізбегені үшін ескерту алды. Ал, комиссияның жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Наталья Тупицинаға сөгіс жарияланды.

Бірнеше шенеунік жауапқа тартылды. Ал, Прииртышск ауылдық округінің әкімі құтылып кетті. Ол, сол кезде, денсаулығының жарамсыздығына байланысты жұмыста болмапты. Шенеуніктер былығы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі" жүргізген тексеріс кезінде әшкерленіп отыр.

Назымбек БЕКЖАНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АГЕНТТІКТІҢ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Деректерді тексеру кезінде жер учаскесін бөлу жөніндегі комиссиядан заңбұзушылық анықтадық. Комиссия құрамындағы 35 адамның 17-сі мемлекеттік қызметкер болған. Бұл жерді бөлуде бір жақты шешім қабылдауға әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің басқа адамдармен сыбайлас болғаны анықталды. Яғни, олар сол адамдардың мүддесіне жұмыс істеуі мүмкін.

Ал, жерден айырылып қала жаздаған шаруалар істің әділ шешілгеніне риза. "Астана" телеарнасына шағымданбағанымызда, малымызды баға алмай қалатын едік дейді.

Александр ПЛОЩИК, «ҮРЛІ ТҮП» АШК ТӨРАҒАСЫ:

Бізді бұл шешім қанағаттандырды.  Бастысы жер ауылдың меншігіне қайтарылды. Қазір өздеріңіз білесіздер бізде қуаңшылық. Сондықтан жердің қайтарылғаны мал жаюға жақсы болды. Мәселемізді жеткізген «Астана» телеарнасына алғысымызды айтамын.

Жер теліміне қатысты біржақты асығыс шешім қабылдаған шенеуніктер ісі мұнымен аяқталған жоқ. Жақында олардың заңсыз әрекеті, әдеп жөніндегі облыстық кеңесте қаралмақ.

Ө. Қуанар