Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

"Елде қабылданған бағдарламалар ағымдағы дағдарыс кезінде экономикаға оң серпін берді", -Н.Назарбаев

AstanaTV
14.08.2020ж. 20:00
2077
"Елде қабылданған бағдарламалар ағымдағы дағдарыс кезінде экономикаға оң серпін берді", -Н.Назарбаев

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесті. Премьер-министр елдегі  экономикалық ахуал мен пандемиядан кейінгі даму жоспарларымен бөлісті. Асқар Маминнің айтуынша, көлік құрылысы, тау-кен өндірісі, тұрғын-үй құрылысы сияқты экономиканың негізгі көздерінде оң өзгерістер болған. "Үкімет бұл салаларға жыл басынан бері тиісті деңгейде қолдау танытты", деді Үкімет басшысы. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде, "Елде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар ағымдағы дағдарыс кезінде ұлттық экономикаға оң серпін берді", деді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз тәуелсіздік жылдарындағы ең күрделі кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде талай дағдарысты еңсердік. Қазіргі қиындық әлемнің бүкіл елін қамтып отыр. Барлық жерде жұмыссыздықтың көбеюі байқалуда, бизнес қиындықтарға тап болып, мемлекеттер арасындағы сауда-саттық деңгейі төмендеді. Алайда бұған дейін қабылданған шаралар дағдарыстың экономикамызға әсерін азайтуға көмектесті. Біздің экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі басқа елдермен салыстырғанда үш есе аз.

Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына отандық кәсіпкерлердің де белсенді ат салысқанын атап өтті. "Ірі кәсіпорындар жұмыс орындарды сақтап қалды. Әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға қол ұшын берді. "Біз біргеміз" акциясы шеңберінде 2 млн азаматқа көмек көрсетілді", деді Тұңғыш Президент. Кездесу барысында пандемиядан кейінгі даму тетіктері де талқыланды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі уақытта сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пандемияның екінші толқыны келетінін болжауда. Мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп, осы жағдайға арнаулы бағдарлама әзірлеуі керек. Жаңа тәсілдер мен тиісті шаралар қажет.

Д. Мұхаммедкәрім