Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жұртқа жақпаған жатақхана құрылысы уақытша тоқтады

AstanaTV
04.09.2020ж. 20:00
2283
Жұртқа жақпаған жатақхана құрылысы уақытша тоқтады

Жұртқа жақпаған жатақхана. Қостанайда тұрғындар медицина колледжі студенттеріне арналған жатақхана құрылысына қарсы шығып отыр. "Мазамызды қашырды", деп халық әкімдік үстінен сотқа арыз түсірген. Алайда, ол жұмысты тоқтататын емес. Мердігер кәсіпорын шаруасын ширатып, күні-түні құрылыс жүргізіп жатыр. Мән жайын әріптесім Заңғар Санай анықтап көрді.

Бұл жатақхана құрылысымен тұрғындар мамыр айынан бері алысып келеді. Наразылық танытып бірнеше рет шу шығарды. Әкімдік оны естіді әрине. Алайда, тұрғындар талабы елеп ескерілмеді.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Тұрғындардың қарсылығына  қарамастан жатақхана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде төрт қабаты бой көтерген.

Құрылыс көп қабатты тұрғын үйді дәл қасынан салынып жатыр. У-шу жұрттың әбден мазасын қашырған. Бұл аздай осы құрылыстың кесірінен тұрғын үй ыстық сусыз отыр.

Валерий РАЙХЕРТ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тұрғындарға өте қауіпті. Дәл подъездің алдында үнемі кран тұрады. Өтетін жер қалдырмаған. Адамдар кірпіш, бетонның астымен жүруге мәжбүр.

Халық құрылыстың заңсыз жүріп жатқанын дәлелдемек. Жиналып, арыз жазып әкімдік үстінен сотқа шағым түсірді. Сот іс қаралып біткенше құрылысты тоқтату жөнінде ұйғарым шығарды. Алайда, оны мердігер пысқыратын емес. Керісінше құрылыс қарқын алды. Нысананы ол желтоқсан айында тапсыруы тиіс.

Ерлан ОСПАНОВ, ЗАҢГЕР:

Сот тұрғындардың талабын қыркүйектің бірінде қанағаттандырды. Тапсырыс беруші мен мердігерге қатысты ұйғарым шықты. Бірақ сот актісі орындалмай отыр. Енді Әкімшілік кодекске сәйкес олар жауапқа тартылуы тиіс.


Жергілікті билік болса сот шешімі қолдарына енді тигенін айтып отыр.

Руслан ҚАТПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Белгілі бір аспектілер бар. Құрылысты бірден тоқтату мүмкін емес. Мысалға, кейбір жерлері дұрыс бекітілмеген. Ол тұрғындар үшін қауіпті. Біреудің басына кірпіш немесе тағы басқа құрылыс материалы құлап кетпеуі үшін тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Жатқхана салынып жатқан жер телімі облыстық сәулет-құрылыс басқармасы меншігіне екі жыл бұрын өткен. Ал, осы жылдың мамыр айында құрылыс басталды. Медицина колледжі студенттеріне арналған 250 орындық жаңа жатақханаға жергілікті бюджеттен 630 млн теңге бөлінген.

З. Санай