Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

100 тоннадан астам бекіресі қырылған кәсіпорын Атырау облысы әкімдігін сотқа берді

AstanaTV
21.09.2020ж. 20:00
3237
100 тоннадан астам бекіресі қырылған кәсіпорын Атырау облысы әкімдігін сотқа берді

Атыраудағы Луговой жылқы зауыты облыс әкімдігін сотқа берді. Тауарлы бекіре балығы түгелдей қырылып қалған зауыт, әлі күнге шығынын өндіре алмай жүр. Сот Атырау су арнасын борышкер деп тапқан еді. Қомақты қаражатты төлеуге мекеме асығар емес.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
 
Бұл - 36 мың дана бекіресі қырылып қалған кәсіпорын. Атырау су арнасы мекемесі келтірген шығыны үшін 1 жарым млрд жарым теңге төлеуі тиіс еді. Алайда сот шешімінің шыққанына жылға жуық уақыт өтсе де, кәсіпорын бір тиын да өндіріп алмаған.

Су арнасы шығынды сотталып кеткен бұрыңғы басшылар төлесін деген талаппен, аппелияциялық, кассациялық соттарға арыз түсіріпті. Оның қай-қайсысы болса да алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Шығынын өндіре алмай жүрген кәсіпорын, енді әкімдікті сотқа берді.

Самат АҚСАМБИЕВ, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС ӨКІЛІ:
 
Атырау облысы әкімдігінің үстінен шағым түсірдік. Өйткені «Атырау су арнасы» әкімдіктің меншігі болып табылады. Сондықтан жауапкершілік соларда деп есептейміз. Егер кінәлі тарап   шығынды өтемейтін болса, онда бұдан былай балық шаруашылығын ешкім қолға алмайды. Бізде бағалы балықты сақтандыратын компанияда жоқ. Тек Еуропа елдерінде ғана сақтандырады. Мына жағдайдан кейін Еуропада, Қазақстандық бекірені сақтандырмайды.

2018 жылдың желтоқсанында аймақтағы балық жаппай қырылды. Бағалы бекірені өсіріп отырған Луговой жылқы зауытынан өзге, екі мекеме де шығынға батты. Жайық өзенінен 14 тоннадан астам балық өлексесі шығарылып, табиғатқа 14 млн теңгеге жуық материалдық зиян келген еді.  Алайда мұның бірде бірі әлі күнге өтелмеген.  

Айгерім АЙТҚОЖАҚОВА,  АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ  БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Сот үкімі бойынша талап арыз бойынша  ешқандай шығынның орны толтырылған жоқ. Мемлекетке келтірілген шығын сомасы 13 млн теңгенің үстінде. Қазіргі уақытта ол тек қана сот орындаушылардың өндірісінде, орындалу барысында.


Сот орындаушылар болса, «Атырау су арнасы» мекемесінің қомақты соманы төлейтін қауқары жоқ,- дейді. Мекемеде тіркеуде тұрған 18 көліктің екеуі ғана жарамды. Сондықтан  экономикалық сотқа борышкерді ауыстыруға ұсыныс берген.

Салтанат ҚОЖАНОВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТ АКТІЛЕРІН ОРЫНДАУ ЖӨНІНДЕГІ АУМАҚТЫҚ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ:

Экономикалық сотқа борышкерді - жауапты мекеменің құрылтайшысы саналатын Атырау облыстық әкімдікке ауыстыру туралы ұсыныс жібердік. Өйткені Атырау су арнасының автокөлік құралынан басқа  өзге мүлкі жоқ. Ағымдағы шотында ешқандай қозғалыс жоқ.

Алайда аймақтағы ақ жағалылар балықтың жаппай қырылуына әкімдіктің еш қатысы жоқ,- деп отыр.

Бауыржан ТҰХПАТОВ,  АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Сот шешеді. Бұл болған оқиғаға Атырау облыстық әкімдігінің кінәлі емес деп есептейміз.

 
Естеріңізге салайық, аймақтағы балықтар қырылған соң қылмыстық іс қозғалып, Атырау су арнасы мекемесінің 3 бірдей бұрынғы басшысы сотталған болатын.

Б. Нәдірқызы