Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Елде ВИЧ-ке шалдыққандар саны азаймай тұр

AstanaTV
28.09.2020ж. 20:00
2615
Елде ВИЧ-ке шалдыққандар саны азаймай тұр

Елде ВИЧ инфекциясына шалдыққандар саны азаймай тұр. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ай сайын ең кемі 20 адамнан осы қауіпті дерт анықталады екен. Мұндай науқастарға қоғам да үрке қарайды. Ашық түрде оларды шеттетуге тырысады. Елордалық ЖИТС-ке қарсы ем орталығының мамандары бүгін осындай проблемаларды жеткізді. Толығырақ Айя Мүтәлінің материалында.

ВИЧ-ке шалдыққандар әдетте қоғам былай тұрсын, ет жақындарынан да диагнозын жасыруға тырысады. Алайда, 21 жастағы Нұржан қорқыныш пен үрейді ысырып қойып, ауруын ашықтан ашық айтуға бел буды. Кеселді ол жарты жыл бұрын жұқтырыпты. Дерттің құрығына жыныстық жолмен іліктім, дейді елордалық жігіт.  

Нұржан, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  


Вирус жұқтырғанымды естігенде, әуелі уайымдағаным рас. Бірақ, дәрігерлер дер кезінде көмектесті. Біздің қарапайым адамдардан еш айырмамыздың жоғын айтып, ертеңгі күні отбасылы, балалы бола алатынымды түсіндірді.

Аты жаман дертке шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Бір Елорданың өзінде 1997 жылдан бері ВИЧ жұқтырғандар 1800-ден асып жығылады. Бұл ресми ақпарат. Ал бейресми дерек одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Алайда, дер кезінде дәрігерге қаралып, үздіксіз ем-домын қабылдап жүргендердің көбі бүгінде ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Қалалық ЖИТС орталығы мамандары вирус жұқтырған жүкті әйелдердің өзі қазірде дені сау сәби дүниеге алып келе жатқанын сүйіншілеп жеткізді.

Жанна АЙТМАҒАМБЕТҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ "ЖИТС-ТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАРСЫ КҮРЕС" ҰЙЫМДАСТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Антиретировирустық препараттарды ана қабылдайды. Бала босанғаннан кейін ана сүтінен аластатылады. Осы бүкіл алдын-алу шаралардың арқасында қазір бізде балалар арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру жоқ.

Мұндай науқастар көмектен де кенде емес. Қажетті дәрі-дәрмектерін алып, жәрдемақыға ие болып отыр. Екі қолға бір күрек іздегендерге де жағдай жасалған.

Алтынай ҚОСЫБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Туберкулез болсын, ВИЧ-пен ауыратын азаматтар келіп жүгінетін болса, біз ол кісілерді бөліп жармаймыз. Себебі, барлық біз халық үшін жаралған орталықпыз. Сол себептен қызмет етеміз, бүкіл халыққа бірдей.

Алайда, ВИЧ инфекциясына шалдыққандар материалдық емес, рухани көмекке мұқтаж. Ақ халаттылар науқастарды өзектен теппей, қоғамға қосу бәріізге ортақ міндет, дейді.

Айна МУКУШОВА, ҚОҒАМДЫҚ ҚОР ЖЕТЕКШІСІ:

ВИЧ-ке шалдықты екен деп, теріс бұрылып кетуге болмайды. Олардан адамға төнетін ешқандай қауіп жоқ.  Олар да қоғамның бір бөлшегі. Жұрт қатарлы өмір сүруге толықтай құқы бар.

Тоқ етері, ғасыр дерті әлі толық ауыздықталған жоқ. Ағзаны бұл вирустан толық тазартатын дәрі де, алдын-ала егетін вакцина да әлемде жоқ. Ендеше, қауіпті індеттен сақтану жұмыла атқаратын ғана шаруа екенін әрқайсысымыз қаперімізде ұстауға міндеттіміз.

А. Мүтәлі