Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбе облысында белгісіз батырдың ескерткішіне 43 миллион теңге бөлінген

AstanaTV
09.10.2020ж. 20:00
6235
Ақтөбе облысында белгісіз батырдың ескерткішіне 43 миллион теңге бөлінген

Ақтөбе облысы тұрғындары, батырға ескерткіш қоюға қарсы. Олардың айтуларынша бұл мақсатқа аймақ қазынасынан бақандай 43 миллион теңге, қаражат бөлінген. Бірі Тәйтәй батыр тарихта жоқ десе, енді бірі ол Қостанай облысы әкімінің арғы аталары деп отыр. Қомақты қаржыға ескерткіш жасағанша, елдің жыртығын жамасын дейді. Бақыт Рахметованың репортажы.

Мына тас мүсіннің құрылысы екі апта бұрын басталыпты. Халық жол бойына Тәйтәй батырға арналған ескерткіш салынып жатқанын естігенде таң қалған. Ауыл ақсақалдары мұндай тұлғаны танымаймыз, тіпті естімегенбіз дейді. Арнайы аномастикалық комиссиямен бекітілмей, жергілікті халықпен санаспай неге белгісіз батырға ескерткіш қойылатынын түсінбейді.

Рахметолла БАҚЫТОВ, ҚАРАУЫЛКЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Архимед Мұхамбетов деген бұрынғы облыс әкімі болды ғой, қазір Қостанай облысында, соның туысы, аталары. Соған жолдың бойында ескерткіш салып халықпен санаспай, өз биліктерін жүргізіп жатыр.

Ұзақбай КЕСІК, ҚАРАУЫЛКЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ал енді бюджеттен осындай заманда халық мынадай күйзелісте тұрғанда бюджеттен ақша бөліп, белгісіз, кім, кімнің тегі, ең болмаса, пәлен жерде пәлен соғысқа қатысты деген халық аузында жоқ, иә әдебиетте жоқ, мұнша ақша бөліп, далаға ақша шашуға түбегейлі қарсымын.

Базыналы халықтың талабы біреу. Олар қомақты қаражатты тас мүсінге жұмсағанша экологиялық аймақ үшін аса қажет жаңа полигон салуға, ең аяғы жолдарды жөндеуге жұмсасын деп отыр.  

Нұрлан НҰРЫМ, ҚАРАУЫЛКЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол 43 миллионды бұл кісіге бөлгенше, неге біздің больницаға ИВЛ әпермейді, немесе больницаға келіп тұрған 4 жағынан жолдың үшеуі асфальтсыз тұр. Основной жол больницаға алыс. Сол  үш жолды неге асфальттап бермеске?

Ескерткішті қолдаушыларда бар. Мүсін арнау туралы әкімдікке ұсынысты ардагерлер кеңесінің төрағасы білдірген. Ол Тәйтәй батыр қалмақтың Біреген деген батырын айбалтасымен шаншып өлтірген деген деректі алға тартып отыр.

Ибрагим ЕРМЕКБАЕВ, АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бюджеттен қарастырылғаны рас. Ол мәслихаттың шешімімен шықты. Ол көрініп тұр. Оны рас емес деп қалай өтірік айтам.  Бірақ, өзінің ұрпақтары бізге бюджеттен ақша қажет емес, бәрін өзіміз салып шығамыз деп отыр.

Жергілікті шенеуніктерде қазынадан қомақты қаражаттың бөлінгенін растады. Бірақ ол ақша ескерткішті салуға емес, оның айналасын абаттандыруға жұмсаймыз деп ақталды.  

Қайрат ОТАРОВ, БАЙҒАНИН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

43 миллион теңге қаражат деп осыны айтып отырсыз ғой. Ол бөлінді. Ол жұмсалған жоқ. Бұл қаражатқа абаттандыру, сол жұмыстар. Бірақ қаражат жұмсалған жоқ.
-Неге?
-Себебі ол ескерткіш әлі салынған да жоқ.


Базыналы бұқара қомақты қаражат халық игілігіне жұмсалсын дейді. Олар өз наразылықтарын қағазға түсіріп, Ақордаға жолдамақ. Өйткені мәселені аймақ атқамінерлері шеше алар емес.

Б. Рахметова