Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Елордалық тұрғындар үйінің құжатын ала алмай жүр

AstanaTV
13.10.2020ж. 20:00
1994
Елордалық тұрғындар үйінің құжатын ала алмай жүр

Баспана бар, бірақ құжат жоқ. Елордалық тұрғындар сатып алған пәтерлерінің құжаттарын мердігерден ала алмай жүр. Айтуларынша мәселе 2014-ші жылы туындаған. Сол жылы берілуі тиіс көпқабатты үй, сақалды құрылысқа айналған. Тек осыдан 2 жыл бұрын ғана мемлекеттік комиссия ғимаратты қабылдап алып, пәтер кілттері тұрғындарға табысталыпты. Әріптесім Асылбек Данияр мәселенің ақ-қарасын ажыратып көрді.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Бұл "Памир" тұрғын үй кешеніне тұрғындар осыдан 2-3 жыл бұрын қоныстана бастаған. Десе де осы уақыт аралығында тиісті техникалық құжаттарын ала алмай отыр. Тұрғындардың сөзінше, әккілікке басқан мердігер компания олардың үстінен тағы да қосымша ақша істемек ниетте. Бас қатқан халық енді кімге жүгінерін білмей дал.

Тиісті құжатын ала алмай жүргендердің бірі - Айнаш Шойынбек. Ол осы мәселемен үйдің құрылысына жауапты компанияның табылдырығын тоздырғалы 2 жыл болғанын айтты. Қайыр болмаған соң үйді өлшету үшін тұрғындар ортадан ақша жинап, техникалық түгендеу бюросын шақырған. Бюро өз қызметін жасап, оның қорытындысын тұрғындарға емес, мердігерге табыстапты.  Мердігер: құжат, қарызды өтегендерге ғана берілетінін айтқан.  

Айнаш ШОЙЫНБЕК, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балконды сатып жатыр бізге. Мысалға БТИ-дың есебі 65,6 болса Жанна мен Мира деген олар бізге айтады: сенің пәтерің 68-69 дейді нақты саны жоқ. Осы 4,7 квадратураға 585 мың теңге дейді. Егерде мен көршімнің квадратурасын алып қойдым десем, менің көршімнің есебі де дәл дұрыс шықты.


Наразы топтың дерегінше әр адам 500 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін қарыз болып отыр. Мердігер ауадан ақша жасап жатыр дейді. Олар үйдің төлқұжатында көрсетілген соманы түгелімен төледік деп отыр.

Айдын СПАТАЙҰЛЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің өзімнің пәтерімде балкон болу керек. Ал, по-факту менде балкон жоқ. Енді басында 79 деп шығарған, қазір 84 деп шығарып отыр. Жалпы маған 1 400 000 қарызсың дейді. Ол қайдан келді дейміз? Оған жауап берілмейді.

Мердігердің былығы мұнымен бітпейді. Олар пәтерлерге жылу жүйесінде жүргізбеген. Орталық жылу жүйесіне, тұрғындар өз есебімізден қосылдық дейді.

Жаңылғаным ЖҮСІПОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жылуды қосқан жоқ, біздер үлкен кісілерміз жылу қоспай қойды. Содан кейін салқын болған соң үйде су қатып қалды. Сосын амал жоқтан қостық. Кредиет алдық та амал жоқтан қостық.

Басы дауға қалған құрылыс компаниясы отыратын кеңсеге барып, мән-жайды білмек болдық. Бірақ мердігермен тілдесу мүмкін болмады. Есігі тарс жабық, ал телефондары өшірулі.

Раушан САДЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз кеше көршілер болып жиналған кезде, осы мәселені көтердік. Сіздердің келетіндеріңізді сол жердегі біреу айтқаны анық. Хабары болған соң қашып кеткен.


Заңгер Жандос Тұяқов мердігердің бұл талабы заңға қайшы әрекет деді. Ол тұрғындарға сотқа жүгінуге кеңес береді.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
 
Өйткені ең алғашқысында, келісім-шартқа тұрған кезде яғни квадратурасына бағасы төленген жағдайда, олар ойдан яғни ауыздан шығару арқылы тағы да қаражат талап етулеріне құқықтары жоқ.

Сонымен қатар, заңгер көпқабатты үйді жылу жүйесіне қосу құрылысқа жауаптылардың міндеті екенін баса айтты.  Сондықтан жылу жүйесіне кеткен шығынды да сот арқылы өндіріп алуға болады деп отыр.  

А. Данияр