Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Жағдай тым күрделі, - Тоқаев адам саудасы туралы

AstanaTV
22.10.2020ж. 20:00
3111
Жағдай тым күрделі, - Тоқаев адам саудасы туралы

Адам саудасы бойынша халықаралық рейтингтегі жағдайымыз мәз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осыған алаңдайтынын жеткізді. Қарамағындағыларға қара нарықтағы саудасын ауыздықтауды тапсырды. Сондай-ақ, ол жат елде нан тауып жүрген қазақстандықтардың жағдайына да алаңдайды. Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі тағы қандай мәселелерді көтерді? Айя Мүтәлінің материалында.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осымен төртінші рет бас қосты. Кеңес мүшелері ғана емес, жиында Президент те күрмеуі күрделі мәселелерді жіпке тізді. Мемлекет басшысының пайымынша, елдегі білімнің сапасы жылдан-жылға ақсап барады. Олай деуге негіз де жоқ емес.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халықаралық зерттеулер қазақстандық балалардың кітап оқуға, қоршаған ортаны тануға деген құлшынысының жоқтығын анықтапты. Ал кітап оқуға деген талпыныс мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс. Ал кітапхана қызығушылық оятатын жер болуы керек.

Президентті тағы жат елге ақша табуға кеткен отандастарымыздың жай-күйі алаңдатады. Үлде мен бүлдеге оранамын деп өз елінен жыл сайын мыңнан аса адам шекара асатынын жеткізді. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтың әл-ауқатының нашарлығынан деді Президент. Түйіткілдің түйінін тарқату үшін Үкіметке тиісті ұсыныстармен келуді тапсырды. Мемлекет басшысы ішкі мигранттардың да мәселесін қаузады. Ол оңтүстіктен солтүстікке қоныс тепкерге берілетін жәрдемақыны 2 есеге көбейтуге пәрмен берді. Адам саудасының да ел ішінде қызып тұрғанына алаңдайтынын жеткізді.  

 Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті жағдай күрделі деп те айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал.

Кеңес мүшелері де жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өңірдегі проблемаларды көтерді. Айгүл Орынбек күнгейде жекенің меншігіне өтіп кеткен колледжердегі бассыздықтарға тоқталды.  

Айгүл ОРЫНБЕК, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:


Қазіргі кезде ондағы ұстаздар қудалауға ұшырап, мәртебесі аяққа тапталып жатыр. Ұлағатты жолды таңдағандардың ар-намысы мен абыройы осылайша тапталып жатқанда, білім беру жүйесі оңалады деп кім айтты? Бұған көз жұмуға болмайды.

Ал құқық қорғаушы Айман Омарова болса, адвокаттардың сойылын соқты. Қорғаушылардың өзін қорғайтын Заң қажет дейді.   

Айман ОМАРОВА, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Ісіне берік қорғаушыларды жөнді-жөнсіз қудалау көбейіп бара жатыр. Кейбір сот адвокаттарды ақиқатты айтқаны үшін қысымға алып жүргеніне сән мәрте куә болдым.

Кеңесте басқарушылық лауазымдарға нәзік жандыларды көптеп тарту мәселесі көтерілді. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеп кеткені айтылды. Шенеуніктер ана тілінде сөйлемек түгілі, оны насихаттауға келгенде де құлықсыз көрінеді. Қоғам белсенділері мемлекеттік компаниялардың сайттарының қазақша нұсқасын талап ету керек дейді.

А. Мүтәлі