Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Қызылордалықтар үш күннен бері көмірдің кезегінде тұр

AstanaTV
27.10.2020ж. 20:00
2422
Қызылордалықтар үш күннен бері көмірдің кезегінде тұр

Қылышын сүйреп қыс келіп қалды. Ал, кейбір аймақтарда, жылдағы жыр - көмір тапшылығы басталды. Қызылордада отын алуға келген ағайын, қазірдің өзінде көмір кезегінде үш күннен тұр. Өйткені, қоймада бар көмір көпшілікке жетпей жатқан көрінеді. Тақырыпты аймақтағы тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы жалғастырады.

50-ге тарта жүк көлігінің көмір күтіп тұрғанына 3 күннен асты. Кейбірі, 300 шақырым жердегі шалғай елді мекендерден келген. Өйткені, көгілдір отын жетпеген ауылдарда қысты күні көмірсіз - өмір жоқ.

Бақытжан ӨТЖАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:


Камазда жатқанымызға қазір үш күн болды. Қазір келеді дейді, ол жетеді ме жетпейді ме тағы қалып кетеміз бе? Мына жерден артқа қарай шығып кете алмаймыз.

Бексұлтан ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Келіп тұрған көмірді компания алып кетіп жатыр, рельстің арғы бетіне төгіп. Компанияның басқа жерден алса да құдіреті жетеді ғой. Қарапайым халық құр босқа шығынданып, екі-үш күн осында қонып жатыр.

Қызылорда маңындағы 5 көмір қоймасы бүгінгі күнге дейін жүз тоннадан астам көмір сатыпты. Бұл әрине аймаққа жеткіліксіз. Жергілікті атқа мінерлердің айтуынша, көмір тапшылығы жақында жойылуы тиіс. Шұбаркөлден бірнеше вагон көмір келетін көрінеді.

Ерлан ЖАҢАБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жүк тасымалы Қызылорда бөлімшесімен біз күнделікті көмірдің жеткізілуіне маниторинг жүргізіп отырмыз. Осы аптаның соңына дейін, яғни айдың соңына дейін 146 вагон облыс көлеміне келіп, тұрғындарға сатылады.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Атқамінерлер айтқан 150-ге тарта вагон көмірдің алғашқы 10-ы Қызылордаға бүгін келді. Ол шамамен 600 тоннандай. Көп кешікпей қалған вагондар да келуі тиіс. Сөздеріне сенсек, Сыр өңірінде енді бұдан былай көмір тапшылығы болмауы керек.

М. Тоқтасынқызы