Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Экологиялық кодексті жазған мамандар тауық пен сиырды ажырата алмайды, Н.Нығматулин

AstanaTV
28.10.2020ж. 20:00
1999
Экологиялық кодексті жазған мамандар тауық пен сиырды ажырата алмайды, Н.Нығматулин

Норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе, тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін, Экология, геология және табиғи ресурстар министріне осылай шүйлікті. Мағзұм Мырзағалиев төменгі палатаға Экология кодексін таныстыруға келген. Депутаттар құжатты жерден алып жерге салды. Айя Мүтәлінің репортажы.

Экологиялық кодекс шықпай жатып сынның астында қалды. Құжат депутаттарға ғана емес шаруаларға да жақпайды. Әсіресе, малшылардың "өкпесі қара қазандай". Өйткені, заң күшіне енсе, олар әр үш ай сайын облыс орталығына барып, әр малы үшін есеп беріп отыруы керек. Төрт-түліктің қоршаған ортаға тигізген залалы туралы декларация тапсырады. Талап орындалмаса онша шаруа әкімшілік жауапқа тартылады. 200-ден астам үй құсы мен 30 шақты мал өсіріп отырған Манарбек Құшәлиев бұл заңды "ақылға симайды", дейді.

Манарбек ҚҰШӘЛИЕВ, ТРЕКИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізден орталық деген өте алыста. Ертең бәрі сол 3-4 тауығын, он шақты қазын тіркететін болса әкімшілікке барып, қанша жол алады, уақыт алады? Менің басыма тіпті кіріп те шықпайды, не қылған зиян табиғатқа деген.

Мағзұм Мырзағалиев болса, "Жаңа құжат қоршаған ортаны жақсартады", дегенді айтып отыр. Қалай? Оны, депутаттар түсіне алмады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Шын мәнінде, заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма, жоқ па деп ойлайсың. Шіркін, осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза?
- "Дайынбыз"
- "Жақсы, кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз".


Министрдің айтуынша, экологиялық кодекстің тиімді тұстары басым. Мысалға, бюджетке түскен экологиялық төлемдер бұдан былай тек табиғатты қорғау мақсатында ғана жұмсалмақ. Осының арқасында аймақтарда экологиялық проблемалар шешіледі деген үміт бар. Кодекс ауаны ластап отырған зауыт-фабрикаларды да сабасына түсіру тиіс. Құжат Мәжілістің батасын алса, қоршаған ортаға залал келтірген кәсіпорындар бірнеше есеге жоғары айып пұл төлейді.

А. Мүтәлі