Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Kaspi банкі мобилдік қосымшасынан кеткен қателік елді дүрліктірді

AstanaTV
28.10.2020ж. 20:00
3009
Kaspi банкі мобилдік қосымшасынан кеткен қателік елді дүрліктірді

«Kaspi» банкі салымшылары бүгін таң атпай, азар да безер болды. Елдің көбі есеп шотындағы қаражатынан қағылып алаңдады. Артынан мессенджерлер арқылы, "Хакерлер «Kaspi» банкінен 79 млн теңге ақша жымқырды", деген ақпарат таратты. Банкттердің аяқ асты жабылып қалуынан әбден зәтте болған жұрт әрине есеп шотта жатқан қаражатын алғысы келді. Сонымен «Kaspi» банкінде не болды? Әлішер Өмірзақ анықтап көрді.

Елдің "Kaspi" банкіне ағылуына мессенджерлер арқылы тараған түрлі хабарламалар түрткі болды. Қаржы институтына хакерлік шабуыл жасалды, деген ақпарат жан-жақтан тарады.

САУАЛНАМА:


- Каспийде тұрған ақшам жоқ. Қазір қалпына келді. Шешіп алдым. – қорқасыз ба тағы істемей қалады деп? – сол үшін шығарып алып отырмын ғой.

- Біз таксиге мінгенбіз, ақшасын каспиймен төлей алмадық. Сосын қолма-қол төлеуге тура келді.

- Минус 73 мыңға кіріп кетті, өзінен өзі. Қазір енді өз қалпына келді.


Банктің ресми жауабына сенсек, еш қандай хакерлік шабуыл болмаған. Мобилдік қосымшаның қатып қалуына техникалық ақау себеп болған.

Ербол АЗАНБЕК, KASPI.KZ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Бүгін «Kaspi.kz» қосымшасында туындаған техникалық ақау салдарынан клиенттердің шоттарындағы қаржы көлемі қате көрсетіліп жатыр. Ешқандай кибершабуыл болмағанын хабарлаймыз, клиенттердің қаражаты толықтай өз қалпында.


"Біреуге – қайғы, біреуге – қуаныш". Кейбір ағайын, "Ақшамнан айырылдым", деп жатқанда ғаламтор әзіл-қалжыңға толды. "Ақау кезінде есеп шотыңыз толса - жақсы адамсыз. Қағылып қалсаңыз жаман адам болғаныңыз", деп жазды көп мемнің бірі.

Банк ақауды жарты күнде жоюға тырысты. Ресми түрде кешірім сұрап, хабарлама таратты.

KASPI.KZ:

Қара ниетті, жаман адамдар таратқан фейк хабарламаларға назар аудармаңыз. Біз әрқашан сүйікті клиенттерімізге кез-келген оқиға туралы әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымызда шынайы түрде хабарлаймыз.

Мобилдік қосымша түс ауа реттеле бастады. Ал, ақшасы қайтпаған ағайындар, банктің call center-не хабарласса болады.

Ә. Өмірзақ