Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Павлодарлықтар жаңа баспанаға кіре алмай жүр

AstanaTV
23.02.2021ж. 20:00
1572
Павлодарлықтар жаңа баспанаға кіре алмай жүр

Павлодарда салымшылар жаңа пәтерлеріне кіре алмай жүргендеріне жарты жылға жуықтады. Оған үйдің жылу мен суға қосылмауы себеп болып отыр. Өткен жылы құрылысы аяқталған баспана дауы, шешілер емес. Жергілікті атқамінерлер уәде бергенімен, сөзінде тұрмай келеді. Амалы таусылған салымшылар бүгін тағы құрылыс алаңына жиналды.

Бұл - «Достық» деп аталатын шағын ауданда бой көтерген алғашқы үйлер. Қазіргі күні мұнда көпқабатты 5 үй салынды. «Салынды» деген аты болмаса, заты әлі дайын емес.  Не жылуы, не суы жоқ. Құр қаңқасы ғана тұр.  Ал салымшылар күте күте шаршағандарын айтады.

Әбдікәкім СУЙЯРОВ, САЛЫМШЫ:

7 жыл болды ақша салып жүргенімізге. Осылай ноябрьда көшесіңдер - деген. Тұрып жатқан үйді сатып жібердік. Баламыздың үйінде тұрып жатырмыз 1 бөлмеде 2-3 семья. Ноябрьда деді, ноябрьда өтіп кетті. Жаңа жылда - деді, жаңа жылда да болмады.
 
Баспана салымшыларға екінші деңгейлі банктер арқылы үлестірілген. Айтуларынша әрқайсысы үйдің құрылысына миллиондап қаражат құйған. Енді олар бәлен жыл тірнектеп жинаған қаражатымыз көкке ұша ма – деп қорқады. Өйткені, құрылыстың сапасына күмән бар.  

Руслан НЫҒМЕТОВ,  САЛЫМШЫ:

Бізге осыдан 2 апта бұрын үйге жылу тартып береміз - деген. Енді бүгін көріп тұрғанымыздай уәде орындалмаған. Үй мұздай. Инженерлік желілер әлі қосылмаған. Қабырғаларда тоң болып мұз қатқан. Ертең жылу бергенде қабырға көгеруі мүмкін. Қыс бойы жылу болмаған соң қабырғалардан үй дымқыл тартама - деп қорқамыз. Қабырғалар да үгітіле бастапты.
 
Тұрғындар бұл мәселеге шағымданып, талай рет әкімдік табалдырығын тоздырған. Алайда, ашулы топ уәде сөз жүзінде ғана қалып келе жатқанын жеткізді.

Салтанат ӘКІМБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Үй құрылысының кешеуілдеуіне конкурстық жұмыстардағы олқылықтар себеп болды. Өйткені, үйдің құрылысы мен коммуналдық желілер тарту екі түрлі конкурс арқылы жүзеге асты. Сол себептен үйді тапсыру кешігіп жатыр.  Қазір үйдің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Мейрам ӨТЕШОВ, "ПАВЛОДАР" ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:


Қазіргі күні инженерлік желілер толық қосылған жоқ. Жылу құбырын тартып қойды. Электр энергиясы қосылды. Енді кәріз жүйесі қалды. Тұрғындарға 15 наурызда бастап, үйдің кілттін бере бастаймыз – деп болжап отырмыз.


Құрылысқа жауапты шенділер тағы уәде беріп шығарып салды. Осыдан екі ай бұрын да бізге осы әңгімені айтқан болатын.

Ө. Қуанар