Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Елде үй кезегінде тұрған азаматтар саны жыл сайын 50 мыңға артып келеді

AstanaTV
23.02.2021ж. 20:00
1604
Елде үй кезегінде тұрған азаматтар саны жыл сайын 50 мыңға артып келеді

Елде баспана кезегінде тұрған азаматтар саны жыл сайын 50 мыңға артып келеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында белгілі болды. Енді үйге қолы жетпей жүрген отбасыларды баспанамен қамтудың жаңа бағдарламасы әзірленбек. Премьер-министр Асқар Мамин құзырындағыларға тапсырма жүктеді.  

Атырауда көпбалалы отбасыларға арналған баспана кезегі 10 жылдан бері жылжымай келеді. Жылыой ауданының тұрғыны Мехрибан Ысқақова кезектің кері кетіп жатқанын айтады. Ал, бұл әрекетін жауапты мамандар түсіндірмеді деп отыр. 4 баламмен жылдар бойы жалдамалы үйде күнелткен жалғызбасты ана тұрғын үй бағдарламасында былықтың көп екеніне сенімді.

Мехрибан ЫСҚАҚОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ешқандай жылжымайды. Әкімшілік тарапынан Құлсары жақтан үй салынып жатыр. Сол үйге ілігемізба, мен жалғызбасты анамын дегенде ілікпейсіздер, 217 кезекте тұрсыз дейді. Әкімге барсам, мүлде кіргізбейді.


Ал жергілікті атқамінерлер кезектің кері қарай жылжуы - кезекте тұрып, бірақ кейін белгілі себептермен шығып қалғандардың тізімге қайта келуінен орын алып отыр, - дейді. Дегенмен, түйіткілдің түйінін шешуге Үкіметтің өзі білек сыбана кіріскен сыңайлы. Индустрия министрі Бейбіт Атамқұлов алдағы 5 жылда 1 миллионға жуық азаматты пәтермен қамтамасыз етеміз деп отыр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРОҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:


Тұрғын үй құрылысына салынатын инвестиция қосымша 300 млрд теңгені құрайды. Бұл 55 мың жұмыс орнын ашуға; 40 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етуге; 530 млрд теңгеге тауарлар өндіру, жұмыстар мен қызмет көрсету арқылы аралас салаларды іске тартуға мүмкіндік береді.


Елде жылжымайтын мүлік алу оңай емес. Қазақстан - тұрғын үй құнына азаматтардың табыс деңгейі жетпейтін мемлекеттер тізімінде. Мұндай рейтингті «numbeo» статистикалық мәліметтерінің ғаламдық базасы жариялады. Графика: Олардың дерегінше, қазақстандықтар баспана сатып алу үшін, шамамен 10 жылдан астам уақыт орташа жалақысының жартысын жинауы қажет. Демек айына 300 мың теңгеге жуық қаражат салған күннің өзінде 10 жылда баспаналы бола аласыз. Ал, үйге қолжетімділік рейтингіде Қазақстан 35 орынға жайғасыпты.

Енді «Отбасы банкі» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады. Орталық мамандары үйге мұқтаж жандарды есепке алады. Сондай-ақ, қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қойылған күні бойынша үлестіретін болады. Асқар Мамин мұндай қадам ел азаматтарын баспанамен қамтуда үлкен үлес тигізеріне сенімді.

Ғ.Өтемісов