Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Депутат ЖОО-ғы заңгерлерді дайындаудың сапасына да шүйлікті

AstanaTV
26.02.2021ж. 20:00
2993
Депутат ЖОО-ғы заңгерлерді дайындаудың сапасына да шүйлікті

Соңғы 5 жылда ел ішінде 107 мыңнан аса заңгер диплом алған. Тіпті аграрлық, педагогикалық, қаржылық, теміржол, инновациялық бағыттағы оқу орындары да, қазір заңгерлер даярлауды жолға қойған. Осыны айтқан сенатор Ләззат Сүлеймен мәселені Үкіметтік деңгейде қарауды ұсынды. Сан бар, ал сапа ше? Депутат заңгерлерді дайындаудың сапасына да шүйлікті. Тақырыпты әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Ел ішінде 113 университет болса, соның 64-і заңгер дайындайды. Бұл министрліктің ресми мәліметі. Сенатор әлемдік тәжірибеде толыққанды адвокат даярлау үшін 6-8 жыл уақыт қажет деді. Ал біздегі оқу орындарының дені, білім сапасы жағынан сын көтермейді. Сенатор бұл - саладағы жалғыз проблема емес деді.

Ләззат СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы жылдары мынау құқық бағдарламасына грант көп емес 1485 қана. Яғни елімізде заңгер маманын дайындау ақылы негізде жүзеге асырылып отыр. Жұмысқа орналасу пайызында қарадық, басқа мамандықтарға қарағанда заңгерлердің орналасу пайызы да төмен. Практика формалды түрде өтеді. Студенттер тек мөр басып беретін жерді ғана іздеп жүр. Сапалы заңгердің дайындалуына бірден-бір мүдделі болып отырған сот, прокуратура қатысуы формалды түрде.


Депутаттың бұл сөзінде жан бар сияқты. Өзін көрсетуді қаламаған мына жігіт, жекеменшік унивеситеттің заңгер мамандығын бітіріп шыққан. Бірақ қазір жалдамалы жұмыспен нәпақысын тауып жүр.

ЕЛОРДА ТҰРҒЫНЫ:


Оқу бітіргеніме 1 жылдан асты. Заңгер мамандығын оқыдым. Өзім оқыған унивеситетке "жұмыс жасап жүр" деген анықтама апардым. Өйткені бітіретін кезде бізден оқу әкімшілігі жұмысқа тұрды деген справка талап етті.  Әйтпесе диплом бермейміз дейді. Амал жоқ, жалған анықтама жасаттым. Дипломымыды алдым. Бірақ жұмыс таппадым.

Ал, жас маман Аржан Садуақас болса, азаматтардың жұмыссыз жүруі - өзінен,- дейді. Өйткені, салмағы ауыр саладан, дені өз еркімен бас тартып жататын көрінеді.

Аржан САДУАҚАС, ЗАҢГЕР:

2016 жылы біз диплом алдық. Күзгі айынан бастап мен жұмыс жасадым. Әрине ол басында қиын болды. Себебі, сен ойлағандай қомақты айлығыңды саған ешкім бермейді. Оған төтеп беріп, шыдау қажет. Біліктілігіңді арттыру қажет.


Елде заңгерлерді дайындау бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Онда 18 жоғары оқу орны осы мамандыққа баулиды. Құқықтық білім беру бағытындағы оқу ақысы да арзан емес. Ең төменгі баға 300 мың теңгеден басталып, 1 млн теңгеден асады. Баға жоғары болса да заңгер болғысы келетіндер азяр емес.  Мәселен, бір ғана елордадағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің өзінде осы мамандықпен 1500-ден астам студент білім алуда.   

Лаура ЖОЛДАСОВА, ҚАЗМЮУ ЖОҒАРЫ ҚҰҚЫҚ МЕКТЕБІ ДЕКАНЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жыл сайын оқуды бітіретін түлектердің саны 300-ден 500-ге дейін. Мысалы былтыр 350 адам. Біздің қара шаңырағымызды бітіріп, КАЗГЮУ университетінің дипломын алып шықты. Соның мысалы 2020 жылы ғана бітірген түлектердің арасында жұмыспен қамту бойынша пайыздық көрсеткіші 92 пайызға жетіп отыр, қазір.


Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Иә, бұл бір ғана жоғары оқу орнының көрсеткіші. Демек,Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше 64 университет орташа алғанда 150 маман даярласа, жыл сайын 10 мыңнан асатын заңгер қатарға қосылады. Сенаторды да алаңдатып отырғаны - осы. Ләззат Сүлеймен мәселені шешуді, премьер-министрге жолдады.
 

Б. Сатуов