Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлап кетті

AstanaTV
05.04.2021ж. 20:00
2200
Алматыда бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлап кетті

Алматыда бүлдіршіннің үстіне футбол алаңының қақпасы құлады. Ауыр темір құрылғы баланың белінен бастап басып қалған. Салдарынан балақай аурухананың жансақтау бөлімінде жеткізілген. Ал оның ата-анасы ойын алаңында орналасқан құрылғыларды кезінде бекітпей кеткен мердігер мекемені кінәләйді. Әріптесім Әсем Лесбек тақырыпты тарқатады.

5 жастағы Роман Носаченко мына ойын алаңына кеше кешкісін әжесімен бірге шыққан. Балалармен бірге футбол алаңқайына кіріп, ойнап жүрген еді, дейді әкесі. Қас пен көздің арасында темір қақпа балақайдың үстіне құлап кеткен.  

Антон НОСАЧЕНКО, РОМАННЫҢ ӘКЕСІ:

Әдеттегідей, күнде осы алаңға шығып ойнайтын. Зілдей қақпа баламның үстіне қалай құлағанын білмеймін. Жүгіріп келсек, аузынан қан ағып жатыр. Есінен танып қалған.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Ауыр жарақат алған бүлдіршін бірден мына балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп отыр. Олар баланың сан сүйектеріне ота жасамақшы.


Мейіржан ҚҰРМАНӘЛИЕВ, АЛМАТЫ қ. БАЛАЛАРҒА ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Қатты соққы алған. Сол сан сүйегінің сынығы анықталды. Ол балаға бірден жедел түрде хирургиялық көмек көрсетілді. Баланың жағдайы ауыр бір қалыпты реанимация бөлімшесінде. Сүйек сынықтарына байланысты ота жоспарлануда.

Баласы үшін шырылдаған ата-ана, бұл жайтқа футбол алаңын салған мердігер мекеме өкілдерін кінәйләйді. Айтуларынша, 2016 жылы салынған алаңның темір қақпалары о баста дұрыс орнатылмапты. Не қоршауға, не жерге бекітілмепті.  

Антон НОСАЧЕНКО, РОМАННЫҢ ӘКЕСІ:

Біздің ендігі мақсатымыз осы футбол алаңын салған мердігер компанияны табу. Өйткені бұл оқыс оқиға сол мердігердің салғырттығынан болып отыр. Олар кезінде темір құрылғыларды бекітпей жәй ғана қойып кете салған.

Аудан әкімдігі болса, мердігерді ақтап әлек. Бұл жағдайға олардың қатысы жоқ деп отыр.

Азат КАКЕТАЕВ, АЛМАТЫ қ. ӘУЕЗОВ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Алаңның құрлылысын жасаған «Энерго Экспорт» мекемесі. Мердігерлік, футбол алаңын халыққа осыдан 5 жыл бұрын тапсырған. Ал ондағы қақпалар тұрғындардың қалауы бойынша орнатылған. Яғни олар мердігер мекемеге қақпалардың ауыспалы болуын, тасымалдауға ыңғайлы болуын сұраған
.

Қазір әкімдік өкілдері сол тұрғындардың тізімін анықтауда. Әрі аталмыш футбол алаңының құрылғыларын тексеріп шықпақшы. Жанын шүберекке түйген отбасы, Полицияға арыз жазған.

Ә. Лесбек