Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырауда бір ай бойы зорлық құрбаны болған келіншек ауыр жағдайда ауруханаға түсті

AstanaTV
21.04.2021ж. 20:00
2989
Атырауда бір ай бойы зорлық құрбаны болған келіншек ауыр жағдайда ауруханаға түсті

Атырауда зорлық құрбаны болған үш баласы бар әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Басы жарылған, денесінде сау тамтық жоқ. Оны осындай жағдайға жеткізген -37 жастағы қала тұрғыны. Екеуі бір ай бұрын танысқан, жігіт келіншектің қыр-соңынан қалмай, бірге тұруға ұсыныс жасаған. Бірақ келіншек оған қарсылық танытқандықтан, бірнеше күн бойы ұрып-соғып, қинаған, соңында ер адам өз-өзіне қол жұмсаған. Жантүршігерлігі сол, бұл оқиғаға келіншектің үш баласы куә болған.

Қанды оқиға қаланың орталық көшелерінің біріндегі мынау- көпқабатты үйде болған. Әйелдің жанұшырған даусын көршілері естиді. Бірақ дауыстың қай пәтерден шыққанын бірден аңғара алмаған.  

Василий ГОЛУБЫХ, КУӘГЕР:

Мен сыртқа шығып, көлігімді қыздырып тұрғанмын.  Өте қатты шыңғырған дауыс шықты. Жай дауыс емес жан түршігерлік дауыс. Мен қайдан шығып жатыр деп балконға қарадым.  Дауыс басылып қалды. Бес минуттан соң милиция келді.  Тағы екі минуттан соң жедел жәрдем келді. Әйелді алып бара жатқанын да көрдім.

"Озбырдың бұған дейін жасаған айуан әрекетіне құқық қорғау органдары мән бермеген. Ауыр қылмыс екенін біле тұра, немқұрайлылық танытқан" дейді "НЕ молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлова. Өйткені, жәбірленуші бұған дейін бір ай бойы зәбір көрген. Полицияға да бірнеше рет шағымданған. Құқық қорғаушылар күдіктіні   тек   әкімшілік жауапкершілікке ғана тартыпты. Бірақ екі күн қамаудан шыққан соң күдікті үйдің балконын сындырып кіріп, әйелдің басынан белгісіз затпен ұрып, өзі асылып қалған.

Дина СМАЙЛОВА, «НЕ МОЛЧИ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Аз ғана күнде бірнеше құқық бұзушылық жасаса да неге жауапқа тартпаған.  Екі тәулікке қамау. Бұл не деген масқара?!  19-ы күні қамаудан шығып, 20-сы күні әйелге шабуыл жасайды. Қолында қаруы бар. Бұл балға ма, балта ма, әзірге белгісіз.  Полиция әзірге ресми жауап бермей отыр. Қазір әйелдің жағдайы ауыр. Полиция осыған дейін қалай жеткізді? Менің ойымша, осы жерде жедел топ іске қосылу тиіс еді.  Және өте ауыр қылмыс ретінде тіркеу тиіс еді.

Келіншектің 4,11 және 13 жастағы балалары оқиға болған кезде пәтерде ұйықтап жатқандарын психологқа айтқан. Қазір олармен арнайы мамандар жұмыс істеуде.  

Бердібек ТАЙЫШЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БІЛІМ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Пихологтың қорытындысына сәйкес, балалардың мінезінен күйзеліс байқалмаған. Жағдайлары жақсы. Мінездері қалыпты жағдайда. Алдағы уақытта да, бүгін де балалар психоллогтың бақылауында.

Ал басынан соққы алған келіншектің жағдайы ауыр. Қазір дәрігерлердің жіті бақылауында.   

Еркін ЕРБӨЛЕКОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Тексеру барысында ашық ми жарақаты, бас сүйектерінің сынуы, мидың ауыр дәрежеде соғылуы диагнозы қойылып, қазіргі кезде нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда.  Операция қажет етпейді. Қазіргі кезде есін біледі. Алайда жарақат алу кезіндегі оқиғаның мән-жайын білмейді.  Ол кезде есінен танады пациент. Сол үшін ондай нәрселер есінде сақталмайды.


Қоғамдық резонанс тудырған шулы оқиғаға байланысты  екі   қылмыстық іс қозғалды.  Оның бірі- қызметіне салғырт қараған полиция қызметкерлеріне қатысты.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 106 бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық Кодекстің 371-бабы салғырттық бойынша жүргізілуде.


Әзірге қанша полицейдің жауапқа тартылатыны белгісіз. Ал қоғам белсендісі Дина Смайлова   «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық» заңын қайта қарап, мұндай қылмыстардың жазасын қатаңдату керектігін тағы бір нығарлады.

Б. Надірқызы