Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Екібастұзда бір бағытқа екі түрлі бағамен билет сатқан тасымалдаушылар шу шығарды

AstanaTV
28.04.2021ж. 20:00
2183
Екібастұзда бір бағытқа екі түрлі бағамен билет сатқан тасымалдаушылар шу шығарды

Екібастұзда бір бағытқа екі түрлі бағамен билет сатқан тасымалдаушылар арасында шу шықты. Кәсіпкерлер бағаны теңестіруге келісе алар емес.  Екібастұз сапаржайы Павлодарға баратын автобус жолақысын 1100 теңгеден сатса, теміржол вокзалын жалға алған тасымалдаушы мекеме билетті 750 теңгеден саудалаған.  Ал өңірдің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арзан билет сатқан тасымалдаушыға жұмысын тоқтату туралы хат жолдаған. Бірақ тұрғындар онымен келіспейді. Мәселенің мән-жайын өңірдегі  әріптесім Өзгеріс Қуанар зерттеді.

Екібастұзда Павлодарға жолаушы тасымалдайтын екі мекеме бар.  Осы екі бәсекелес кәсіпкер ортақ шешімге келе алмай отыр.

Балтабай ҚАППАСОВ, ТАСЫМАЛДАУШЫ МЕКЕМЕ ДИРЕКТОРЫ:


Сол 750 теңге бізге жетеді. Өйткені, 750 бізге пайда. Ал автовокзал 1100 теңге үшін билет сатып жатыр. 400 теңгесін өз қалтасына салып жатыр. Халықты қалай солай алдауға болады.


Кәсіпкердің бұл уәжімен келесі тарап, яғни, сапаржай басшылығы келіспейді. Оның айтуынша, бәсекелесі жолаушыларды тасымалдаумен заңсыз айналысып отыр. Сондықтан бағаны арзандатады дейді.

Елена ВЛАСЬЕВА, САПАРЖАЙ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде басқарма бекіткен тариф 1050 теңге. Одан біз 15 пайыз өз жарнамызды аламыз. Және жолаушыларға қызмет көрсеткеніміз үшін тағы 100 теңге аламыз. Ал біз бағаны түсіре алмайыз. Өйткені, пандемия салдарынан жолаушылар саны күрт азайып кетті. Шығынға батып жатырмыз. Қазіргі күннің өзінде қызметкерлеріме жалақы да төлей алмай отырмын. Қарызымыз 2 млн-ға жетті. Құзырлы органдар заңсыз жұмыс істеп жатқан тасымалдаушыны тоқтатпай отыр.

Екі тасымалдаушының текетіресі жолаушыларды қиын жағдайда қалдырып отыр. Бірақ олар арзан билет алғысы келеді, сондықтан бағаны өсірмей отырған тасымалдаушы мекеменің жұмысы тоқтамаса дейді.  

Күләнда ШАЛТЕЕВА, ЖОЛАУШЫ:

ЖД возалдан билет алғаным мұнда 750 теңге тұрады. Автовокзалда почти 1200 тұрады. Соны өзімізде ойлаймыз. Бір қалада тұрып, мұнда 750 анда 1200. Бүгін 750 мен барайын деп тұрмын.


Кенже ӘЛИЕВА, ЖОЛАУШЫ:

Жүретін бір-ақ автобус, ешқандай айырмашылық жоқ. Біздің де қалтамыздан ақшамыз нетіп жатқан жоқ ғой. Пенсионерміз мысалы. Мен жалғыз өзім үйде пенсионермін.  Мен неге 750 мен бармаймын, неге мен 1200-дің автобусымен баруым керек.


Ал жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отырған кәсіпкер жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан қысым көргенін айтады. Билетті қымбаттатпаса, жұмысынды тоқтатамыз деп қоқан-лоққы көрсеткен.  

Денис КНЯЗЬКИН, ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бізге жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қысым көрсетіп отыр.  Бізбен келісім шартты үзбек. Егер билет бағасын көтермейтін болсаңдар, нарықтан сендерді ысырамыз – деп қорқытты. Ал біз халыққа ыңғайлы бағада, яғни, 750 теңгеден билет сатамыз. Олар бізге билетті күштеп қымбаттатқысы келеді.

Ал басқарма өкілдері қысым көрсетті - дегенді жоққа шығарды. Сондай-ақ олар заң бойынша сапаржайы бар елді-мекенде екі бірдей тасымалдаушы болмайтынын айтады.

Ермек СӘРСЕНБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазір біз аталған мәселені шешу үшін сотқа жүгіндік. Екібастұз қаласында екі бірдей тасымалдаушыны ұстау қаншалықты заңды? Сол себепті кәсіпкерге жұмысын тоқтату туралы ұсыныс хат жолдадық.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Екі тасымалдаушы арасындағы дауға енді сот нүкте қоймақ. Кімнің заңды, кімнің заңсыз жұмыс істегенін сот анықтайтын болады.

Ө. Қуанар