Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Батысқазақстандық шаруалар киіктен зардап шегіп отыр

AstanaTV
06.05.2021ж. 20:00
1673
Батысқазақстандық шаруалар  киіктен зардап шегіп отыр

Батыс Қазақстанда киік көбейген.  Дәл қазір санақ жүргізіп жатқан мамандардың есебінше, дала кезген ақбөкендердің саны   500 мыңнан асады.  Бірақ бұл  шаруаларға ұнамай отыр.  "Өсімтал ақбөкен жайылым мен шабындық жердің бәрін түгел отап кетіп жатыр. Сондықтан мал ұстау жылдан-жылға қиындап барады" дейді. Өңірден-Еркін Карин.

Шаруалар киік  көбейген сайын өрісіміз тарылып барады деп күйзеледі. Себебі,  ақбөкенді қорадағы мал сияқты қамап ұстау мүмкін емес.  Сайын дала еркесі қалаған жерінде жайылып, ұнатқан шөбін жейді. Оны қуа алмайсың, үркітсең, істі болуың мүмкін.   

Алик ДОСҚАЛИЕВ,  ШАРУА:


Тас кенені киік әкелді. Ал ол киік егілмейді, прививка жасалмайды.

Айдын СҮНДЕТОВ,  ШАРУА:

500 мың киікте 2 миллион тұяқ бар ғой. Масқара ғой, екі миллион тұяқ не қалдырады? Ал қазір одан да көбейді.


Құбайдолла БӨПЕШОВ, ШАРУА:

Үкімет бізге бір елімізден-жерімізден  шығаратын жағдайға рұқсат бере ме? Жоқ әлде рұқсат бермейміз, тек киікпен өтеміз десе, онда мына дүниенің бәрін біз тастайық! Кетейік мына жерден көшейік.

Соңғы жылдары бұл өзекті мәселеге айналды. Айналадағы жайылым мен шабындықты отап, түгін қалдырмай барады дейді шаруалар.  Төрт түлік  азықтан тарыққан соң,   шөпті басқа аудандардан қымбатқа сатып алып, тасуға мәжбүр.  Онсыз да тіршілігін несиемен тіреп отырған  шаруаға бұл  оңай болмай тұр. Дәл осы Батыс Қазақстан облысы - киік ең көп шоғырланған аймақ. Биыл популяция тіпті артқан. Сондықтан мамандар бұл жолы санақты тікұшақпен жүргізіп жатыр.  

Арман ІЗІМҒАЛИЕВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

2019-да 217 мың киік болды. 2020 жылы пандемияға байланысты санақ жүргізілген жоқ. Биыл енді шамамен бес жүз мыңнан асатын болар. Алайда нақты саны 25 мамырдан кейін белгілі болады.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы   киік төлін санауға еріктілерді іздеп жатыр. Волонтерлар  киіктің құралайын іздеп-тауып, салмағын өлшеу секілді  деректерді жинайды. Ең бастысы - күн сайын 15 шақырым жаяу жүруге дайын болуы тиіс.

Альберт САЛЕМГАРЕЕВ, «ҚАЗАҚСТАН БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» РҚБ ТЕХНИКАЛЫҚ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Далалық лагердегі жұмыс уақыты таңертеңгі жетіде басталып, кешкі беске дейін. Қауымдастық волонтерлерді Елордадан далалық лагерьлерге дейін көлікпен жеткізеді және жол шығынын көтеріп, далалық төсек жабдығымен қамтамасыз етеді. Қостанай мен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында киік төліне санақ жүргізу үшін үш-үштен 6 волонтер керек.

Киіктің көбеюі қуанышты жағдай болғанымен,  ауыл шаруашылығына келтіріп отырған зиянын да ескеру керек.  Сондықтан шаруалар   арнайы резерват құру мәселесін тездеткен жөн дейді.  

Е. Карин