Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Баянауыл ауданының 7 ауылында ауыз су тарту жұмыстары аяқсыз қалған

AstanaTV
21.05.2021ж. 20:00
2322
Баянауыл ауданының  7 ауылында ауыз су тарту жұмыстары аяқсыз қалған

Павлодар облысының Баянауыл ауданында  шенеуніктер  7 ауылға   ауыз су құбырын «қағаз жүзінде»  ғана жүргізген.   Бұл қалай дейсіз бе? Былтыр  ол елді-мекендерге су құбырын жүргізу басталған, бірақ, жұмыс аяқсыз қалған. Ал  билік  "ауылдар сумен қамтылды " – деп есеп берген.  Алайда, шын мәнінде әлгі  ауылдардың  ешқайсысында әлі күнге дейін су жоқ. Тек құбырлар жатыр.     Баянауыл әкімдігі болса,  жұмысты толық атқармаса да мердігерге   қаражатты толық аударып жіберіпті.  Енді я қаражат жоқ, я су жоқ.   Екі ортада халық алданып қалды.   Өзгеріс Қуанар толықтырады.

Ауыз судың азабын тартқан ауылдың бірі – Құндыкөл. Мұнда 80-ге жуық үй  бар.  Жұрт тіршілік нәрін елдімекендегі  жалғыз құдықтан тасып ішеді.  Былтыр  су үйге дейін кіреді деп қуанған тұрғындарда енді   күдік басым.

Жасұлан ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, ҚҰНДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2 жыл бізді үміттендіріп қойды. Былтыр айтқан биыл қосады - деп. Енді, міне, әлі су ештеңе қосылған жоқ. Кейбір үйлерге трубаларын тартып қойды.
 

Жаңажол ауылының халқы да  сусап отыр.  Ауылға  құбыр тартылғанмен,су жоқ.

Қалиақпар АСЫЛБЕКОВ, ЖАҢАЖОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұның енді бір 30 проценті бітпеген. 30 проценті біткен жоқ әлі. Әлі тегістелген жоқ көшенің бәрі. Шұңқыр шұңқыр.    

Ашық жатқан шұңқырлар қоқыс алаңына айналған.  Ол жерден  малдың өлексесін де көруге болады.  Мердігерді тұрғындар ғана емес, әкімнің өзі  таба алмай жүрген көрінеді.   

Кәкен ЖАҚЫПОВ, ҚҰНДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құндыкөл ауылына су тартып, бәлен  Үкіметтің қаржысын шығындалып, жер қазып жұмыс істеп бәрін істеп еді. Аяқталмай босқа қалды. Су өте қажет.
 

Аудан атқамінерлері  7 ауылдың суға қосылмай қалуын  пандемияның салдары - деп отыр. Құрылыс жұмыстары кеш басталғандықтан, су беруге үлгермей қалыпты.

Әділет СЕРІК, БАЯНАУЫЛ АУДАНДЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ НАҚТЫ СЕКТОРЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Құндыкөл ауылында жұмыстар жүргізілмей жатқан себебі, яғни, жер асты суларының бүгінгі күні толық мөлшерде кетпеуіне байланысты болып тұр. Енді міне, осы айдың 23 жұлдызынан бастап, мердігер ұйыммен сол жұмыстар реттеліп,  1 маусым күніне дейін толығымен су құбырларына су жүйелеріне су беру жүргізіледі.

Ал аудан әкімі суды 15 маусымда береміз – дейді.  Мердігерлердің кепілдік мерзімі бар - деп сендірді.


Қанат КӘРІМОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:


Облыс әкімінен сөгіс алдым, осы жобаларды неге іске асырмадың деп.  Келісім шарттағы қойылған талаптарды мердігерлер орындады ма, технический надзор қолды қойды ма, авторский надзор қолды қойды ма? Біздің енді жергілікті бөлім бар, басшысы бар, комиссиясы бар олар қол қойды.

Шенеуніктердіің сөзі бір-бірімен қабыспайды. Бірақ  ең өкініштісі -істелмеген жұмысқа қаражат бөлініп кеткен.   3 млрд 290 млн теңге,  аз емес. Енді мердігер мен әкім уәдесінде тұрса игі.

Ө. Қуанар