Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Astana LRT» қаржысын жымқырғандарға қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
28.05.2021ж. 20:00
1928
«Astana LRT» қаржысын жымқырғандарға қатысты сот үкімі шықты

«Astana LRT» қаржысын жымқырғандарға қатысты сот үкімі шықты. Жеті экс-шенеунік пен компания қызметкерлері 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Дегенмен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Astana LRT»-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі күнге қолға түспеген, халықаралық іздеуде. Іске Интерпол кіріскенімен, жыл өтсе де нәтиже жоқ. Сот процесіне қатысқан әріптесім Әлішер Өмірзақ жалғастырады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Нұр-Сұлтанда LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушылар 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды.


Қажымұқан МЕКЕМТАС, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:


Мердігер ұйымдар директоры Ачилов, Қасабаев, Мусенов, Әбдіхамитов қосалқы мердігер компаниялармен жоғары баға бойынша жалған шарттар жасасып, жалған кәсіпорындар арқылы бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырды, Нұрпейісов пен Әшім экономикалық қорытындыларды бекітті. Тапсырыс берілген қызметтердің құны 20 еседен аса өсті. Шарттарда көзделмеген қызметтер төленген.


Қызметтерге ақы іс жүзінде төленгенімен жұмыс толық   орындалмаған. Салдарынан мемлекетке 5,8 миллиард теңгеден аса шығын келді.

Ең жоғары жаза-Елорда Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжоловқа тағайындалды, ол 10 жылға сотталды. Жазасын ең жоғары қауіпсіздік колониясында өтейді. Ал Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының экс-хатшысы Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ судья оны «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру туралы шешім қабылдады. «Nur Trade» директоры Улугбек Ачилов және мердігердің өкілдері Тимур Қасабаев, Дәурен Әбдіхамитов те 8 жылға темір торға тоғытылды. 7 жылға мердігер өкілі Дулат Мусенов пен «Astana Innovations» басқарма төрағасы Талғат Әшім сотталды.

Қажымұқан МЕКЕМТАС, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:


Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, шот-фактуралармен, банк шоттары, шарттармен, қол қойылған актілермен дәлелденді. Зерттеу нәтижесінде жалған актілер анықталды, олардың негізінде төлем аударылып отырған. Осы орайда сот "City Transportation Systems" ЖШС-нің 5,8 млрд теңге көлеміндегі азаматтық талап арызын қанағаттандырады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда LRT салу кезіндегі ақша жымқыру іс бойынша сот 2020 жылдың қазанында басталған. Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі күнге халықаралық іздеуде.


Ә. Өмірзақ