Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елорда маңындағы ауылда 30 жылдан бері жол жоқ

AstanaTV
16.06.2021ж. 20:00
2886
Елорда маңындағы ауылда 30 жылдан бері жол жоқ

Елорда маңындағы бүтін бір 4 ауыл 30 жыл бойы жолға жарымай келеді. Тұрғындар атқамінерлердің бос уәдесінен тойындық деп отыр.  Тіпті ашуға булыққан ауыл жұрты бүгін қалаға қатынайтын көшені бөгеп тастады. Егер бұлай кете берсе, мүлде басқа да амалдарға барудан тайынбайтындарын жеткізді. Тек бұл емес, елді мекенде қордаланған мәселе шаш етектен,-дейді тұрғындар. Жол мен жайылымға жарымай жүрген халықтың мұңын әріптесім Ғалымжан Өтемісов тыңдап қайтты.

Иә, жылдар бойы төзіп келген Бұлақсайлықтардың төзім таусылды. Бас шаһардың маңында орналасса да, тәуір жолға жарымай келеді.

Орал ӘБДІҚҰЛОВ, БҰЛАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

85 пайыз адамдар қалада істейді. Олар жұмыстан емес, жолдан шаршап келеді. Машиналар ескі, сына береді. Оны өз ақшаларына жөндейді.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

30 жыл бойы орындалмаған уәде. Қала маңындағы ауылдардың кешкен күйі осы. Тозығы жеткен жол жаяу жүргіншілерді ғана емес, көлік жүргізушілерін де сергелдеңге салған.


Жұртшылықты мазалаған мәселе көп. Жайылым жер тарылған, жарықтың да тозығы жетіп тұр. Тіпті күн жылысымен ауыз суға да мұқтаждық туындаған.  

Тұрғындар қордаланған түйткілді айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Жылда уәдені үйіп төгеді. Бірақ, құр сөзбен алдап келе жатқанына талай жыл өтті деп отыр. Амалы таусылған халық жолды жапты.

Мәселенің ақ-қарасын ажыратайық деп әкімге кіріп едік, оны жұмыс орнынан таппадық. Жолдың қамын күйттеп ауданға кетті,-деген жауап естідік. Ол таңертең тұрғындармен жолыққан. Ондағы жауабы мынау болды.

Ауыл әкімі халыққа жолдың жөндеу жұмыстары жуық арада басталатынын айтып жұбатты. Сөзге иланған халық, зор сеніммен үйіне тарасты. Келелі жиын келер аптаға жоспарланды.   

Ғ.Өтемісов