Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жамбыл облысында аудан әкімі 4 пәтерді біріктіріп қызметтік үй қылған

AstanaTV
21.06.2021ж. 20:00
3502
Жамбыл облысында аудан әкімі 4 пәтерді біріктіріп қызметтік үй қылған

Жамбыл облысында 32 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегін күтіп, баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Ал аймақта кей аудан әкімдері бес қабатты үйдің бүтін бір қабатындағы пәтерлерді қосып қызметтік үй қылып алған. Артынан қосымша қосалқы құрылыс жүргізіп көлік қоятын жер мен кіретін орынды да бөлек істеп алыпты. Әкімнің бұл әрекеті тұрғындардың ашуына тисе керек. Редакциямызға хабарласып, шағымданған жұрттың сөзін тілшіміз тыңдап келді.

Сарысу ауданы әкімінің төрт үйден құралған қызметтік пәтері осы. Жаңатас қаласындағы 1 мөлтек ауданында орналасқан. Қасындағы қосалқы құрылыс жұрттың ызасына тиген. Олардың айтуынша, қызметтік көлік қоятын жерден тікелей үйіне кіріп кету үшін жасалған жапсарлас құрылыс Жаңатаста жалғыз екен.

Ал аудан әкімі бұл қызметке жаңадан келгенін айтып ақталды. Бұл бұрынғы басшылардың шешімі дейді. Бірақ бұл жобаны өзі дұрыс деп санайды. Себебі, әкім үшін жер алып, жеке үй салу мемлекетке тиімсіз дейді.

Марат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Маған дейінгі шешілген басшылардың жобасы, бірақ мен мұны дұрыс шешілген жоба деп ойлаймын, өйткені өзіңіз білесіз жер бөліп, коммуникациясы бар, кәріз жүйесі бар, жылуы бар күтіп ұстау үкіметке , мемлекетке тиімсіз.

Әкімге арналған үйдің қаншалықты заңды екенін облыс әкімдігінен білмек болдық. Бірақ әзірге жауап жоқ. Егер қандай да бір ақпарат алсақ, бұл мәселеге қайта ораламыз. Ал халықтың тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр деді аудан әкімі.

Б. Жумабай