Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

AstanaTV
23.06.2021ж. 20:00
3763
Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

Қызылордада 500-ден астам мал арам өлген Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өңірдегі топырақтың құнарсыздығы, малдың аштықтан қырылғандығы сынама нәтижесімен расталды. Аймақта жем-шөп бағасы күннен күнге шарықтап барады. Бұл шаруалардың жұмысын шатқаяқтатуда. Өңірден-Мөлдір Тоқтасынқызы.

Аймақта мал азығының бағасы аспандап тұр. Биыл жем-шөпке мемлекет тарапынан берілетін субсидияға қолжеткізу қиындаған. Қордаланған мәселе шаруалардың шымбайына батып тұр.

Нұрлан БИМАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір жоңышқа қымбаттап жатыр. 600-700 ден жоңышқа табылмай отыр. Келесі орым 800 дейді. 3-ші орымда бізге берсе 1000-1100 болады. Аралдың өзінде қазір 1200-1400 болып тұр. Биыл мал қатты ауырып жатыр, өліп жатыр. кешеде малдарымыз өліп жатыр. қыста біраз шығынға ұшырадық. Қазір тағы шығынға ұшырап жатырмыз.

Биыл судың тапшылығына байланысты шөптің шығымы төмен. Әсіресе, Арал өңірінде жағдай қиын. Көкке аузы тимеген төрт түлік көтерем боп, 500-ден астамы арам өлді. Олардан сынама алған мамандар малдың аурудан емес, аштықтан қырылғанын растап отыр.

Шахмардан ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мал ішетін құдықтардан және қосымша көлдерден сынамалар алынды. Одан бөлек, жылқылардан өлген және мүйізді ірі қарадан сынама алынды. Облыстық ветеренариялық зертханаға тапсырылды. Нәтижесінде теріс нәтиже көрсетті. Яғни ешқандай эпизотиялық ахуал тұрақты. Ауру жоқ. Қуаңшылыққа байланысты, соңғы жылдары жауын-шашын, қыс қарсыз болуына байланысты мал қысқа өте күйсіз түскен. Соның есебінен болып отыр.

Бүгіннен бастап Арал ауданы бойынша төтенше жағдай жарияланды. Бірақ мамандар мал шығыны өтелмейді дейді. Ал арнайы бөлінген қаржы бірінші кезекте, аштықтан теңселген төрт түліктің жем-шөп тасымалына қажетті жанар жағармайға жұмсалмақ. Және жайылымдарда бітелген суаттардың көзін ашу жұмыстары қолға алынады.

М. Тоқтасынқызы