Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда тұңғыш маммологиялық орталық ашылды

AstanaTV
25.06.2021ж. 20:00
1904
Атырауда тұңғыш маммологиялық орталық ашылды

Атырауда тұңғыш маммологиялық орталық ашылды. Медициналық мекеме сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік негізінде бой көтерген емдеу орнында жылына 8 мың адам тегін емделе алады.

«Дивера» медициналық орталығы қатерлі ісікті дәлме-дәл анықтайтын заманауи инновациялық құрылғылармен жабдықталған. Мәселен томосинтез аппараты миллиметрдей ғана болатын ісіктің өзін көрсетеді. Бұл аймақ үшін өте маңызды. Себебі өңірде онкологиялық аурулармен тіркеуде тұрған төрт мың науқастың 800-ден астамы сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан.

Диляра ХАЙДАРОВА, ҚАЗАҚ ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ РАДИОЛОГИЯ ҒЗИ ДИРЕКТОРЫ:

Онкологтарды алаңдататыны ауруды бірінші сатысында анықтау көрсеткіші өте төмен. Тек 14 пайыз ғана. Ал мұндай орталықтар скринингтік тексерістердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз «Дивера» маммологиялық орталығын жеке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуге шақырдық. Атыраулық келіншектер осында келіп маммографиядан тегін өте алады.

Атырау облысы онкологиялық аурулар бойынша республикада 13-орында тұр. Аймақта жыл сайын 20 мыңға жуық келіншек тексерістен өтеді. Өкінішке орай сүт безінің қатерлі ісігі ауру асқынған кезде ғана белгі береді,- дейді облыстық бас дәрігері.

Асхан БАЙДУӘЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Асқынып кеткен кезде, кейде ота жасауға да уақыты келмейтін сондай жағдайлар көп. Бұл жерде УЗИ, рентген зерттеуде, КТ, маммологиялық зерттеу де мүмкіндіктер де бар. Бұл біздің өңірде болған жоқ. Ол қазіргі заманға, талапқа сай өте қажетті керекті жұмыс. Осының арқасында әйел адамдарға уақытылы зерттеу жасап, диагноздарды уақытымен анықтап, денсаулығына жақсы әсер беретін орталық деп есептеймін.

Медициналық мекемеде барлық қызмет түрі тегін. Яғни, 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдердің ақысыз маммографиялық скринингтен өтіп, дәрігерлерден кеңес алуына мүмкіндігі бар.

Б. Надирқызы