Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Теңге жыл соңына дейін тағы құлдырауы мүмкін - Экономист

AstanaTV
30.06.2021ж. 20:00
2777
Теңге жыл соңына дейін тағы құлдырауы мүмкін - Экономист

Теңгенің жағдайы қиын. Жыл соңына дейін валюта тағы да құлдырауы мүмкін. Сарапшылар осындай пікірде. Тіпті келер жылы долларға шаққанда отандық валюта 500-теңгеге жетуі  ғажап емес. Ал Ұлттық банк қандайда бір болжам жасауға әлі ерте,- дейді. Қазір ақша айырбастау пункттерінде жағдай қалыпты. Құлдыраудан көз ашпаған теңгені алда не күтіп тұр? Тақырыпты әріптесім Ғалымжан Өтемісов зерттеді.

Девальвация. Доллар. Дағдарыс. Дабыраға ілесіп даурыққан жұрт. Дүдәмал болжамдар. Сұрақ көп. Жауап ше? 2014 жылдың басында теңге 20 пайызға құнсызданғаннан кейін Ұлттық Банк өкілдері   мұндай девальвация енді болмайды деп сендірді. Бірақ, арадан 6 жыл өтті. Нәтиже көз алдымызда. Жыл сайын тек құлдыраудан көз ашпадық. Мұнай бағасы, карантин, кәсіпкерліктің шығынға ұшырауы. Сарапшылар төл теңгенің болашағына алаңдаулы.
 
Арман БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Негізгі құлдырауға себеп болған фактор көп. Әсіресе соңғы уақыттағы девальвация. Пандемияның өзі де біраз бүйірден соқты. Онсыз да жыл сайын 3-4 пайызға құлдырайтын теңге, тұрақты құнын сақтап тұруы қиындау. Келер жылы 500-ге дейін өсіп кетуі ғажап емес.


Әлемдік саудамен сапырылысқан кез келген мемлекет үшін жаһандық валютаны «жеңу» мүмкін емес. Шешім іздеп теңгені еркін   айналымға жібердік. Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда теңгенің долларға шаққандағы өсімі 2,5 есе артқан. Оған төмендегі сандар дәлел.

Ал, Ұлттық банк әзірге нақты болжам жасауға асықпайды. Десе де, экспорт мен импорт теңдігі арқасында төл валютамыз тұрақты орнын сақтап тұр,-дейді. Бірақ, ішкі факторлардың әсерін банк өкілдері де мойындайды.

Мұхтар ОРМАН, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес.

Сарапшылар  халықты тәуекелге бармауға шақырады. Ел азаматтарына депозитті  ұлттық валютада сақтауға кеңес беріп отыр.

Ғ.Өтемісов