Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қарағанды облысының Абай ауданында бүкіл бір елді мекен жоғалып кеткен

AstanaTV
03.07.2021ж. 20:00
5098
Қарағанды облысының Абай ауданында бүкіл бір елді мекен жоғалып кеткен

Қарағанды облысының Абай ауданында бүкіл бір елді мекен жоқ боп кетті.  Аудандық жер қатынастар бөлімі Восточный   тұрғындарына мұндай ауылдың  жоқ екенін айтқан.  30 жылдан бері осы ауылда өмір сүріп келе жатқан жұрт аяқ астынан мекен- жайсыз қалғанына   аң-таң.  Қолдарында заңды құжаттары болса да, сол ауылдың тұрғыны екенін  енді дәлелдей алмай жүр.

Ирина Құлмұратова Абай ауданының Восточный ауылында 30 жылдан бері тұрады.  Үйі, тұрақты мекен- жайы бар. Жарты жыл бұрын қызын тұрғылықты жеріне тіркемекші болған кезде халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетуден бас тартқан. Аудандық жер қатынастары бөлімі ондай мекен- жай жоқ, - депті. Содан бері құжаттарын әлі рәсімдей алмай жүр.

Ирина ҚҰЛМҰРАТОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АБАЙ АУДАНЫ ВОСТОЧНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Қарағанды облысы Абай ауданы Абай қаласы Восточный елді мекені 7- інші үй 2- нші пәтер мекен- жайы қате, әкімшілік- аумақтық жағынан Абай ауданында Восточный ауылы жоқ. сондықтан бұл қызмет түрі көрсетілмейді», - деген анықтама берілді. Төбемізден жай түскендей болды.  


30 жыл бойы осы ауылда тіркеуде тұрған  халық енді  далада қалып отыр. Қолдарындағы  толған ресми құжаттардағы мекен- жайдың  қайда кеткенін білмейді. Үйлерін не сата алмайды, не анықтама ала алмайды, жақындарын тіркеу де мүмкін емес. Жергілікті шенеуніктер мәселені білетін көрінеді.  Әкім орынбасарының айтуынша оған ауылдың бір аумақтан екінші аумаққа көшірілуі себеп болған.    

Саят МУСИН, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Негізі заң бойынша бұл кісілер Қарағанды ауылдық округіне қарайды. Сондықтан біріншіден үй, жер құжаттарын бұл кісілер рәсімдеуі керек.  Кадасторлық нөмірді ауыстырады. Кадасторлық нөмірлерін алғаннан кейін автоматты түрде жаңағы адрес дейміз ғой мекен- жайы берілетін болады.


Восточный ауылы 80 жылдары шахта қызметкерлері үшін салынған. Кейін құлдырау кезінде халықтың көбі көшіп кеткен. Қазір мұнда 7 отбасы, 20 дан астам ғана адам тұрады. Елді мекенде әлеуметтік мәселелер шешімін таппаған.

Альбина МАСЛОКОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АБАЙ АУДАНЫ ВОСТОЧНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізде ауыз су жоқ. Құдықтағы су тұзды. Кір жууға ғана жарайды. Балаларды шомылдырсақ денелері қызарып кетеді. Суды 30 шақырым жердегі Топардан тасимыз. Кейде сатып аламыз.Әкімдіктен тым болмаса аптасына бір рет су таситын көлік жіберуді сұрағанбыз. Пандемия басталған кезде бір- ақ рет келді де жоқ болды.

Тұрғындардың айтуынша кен фабрикасының жанындағы ауылдың жолы да нашар. Қара күйе басқан жолмен   көктем мен күзде жүру мүмкін емес. Ешкім келгісі келмейді. Сондықтан ауылдықтар үйлерін сатып, өзге жаққа көшіп кете алмайды.   Енді бұған   құжат проблемасы қосылды. Қателік кімнен кеткені  белгісіз. Сондықтан тұрғындар жергілікті әкімдік мәселені шешпесе, сотқа шағымданамыз дейді.

А. Қуаш