Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ауыл әкімдерін сайлау – халыққа берілген мүмкіндік

AstanaTV
15.07.2021ж. 20:00
4200
Ауыл әкімдерін сайлау – халыққа берілген мүмкіндік

Ауыл әкімдерін сайлау – халыққа берілген зор мүмкіндік.  Ауылдағы ағайын ұнаған үміткерді енді өздері таңдай алатынына қуанышты. Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауылдық округінің тұрғындары   әкімдікке үміткер Әзілхан Зариповтың сайлауалды бағдарламасын тыңдап, оң баға берді. Олар кандидаттың шын жанашыр екеніне сенімді. Жастармен кездескен үміткер егер әкім болып сайланса, төрт жылда Бөрліні көркейтетінін жеткізді. Аудан бюджеті шектеулі болса да, қосымша қаржы іздестіріп, жол салу, баспанамен қамту ісін ілгерілететінін айтты. Әзілхан Зариповтың сайлауалды бағдарламасында жаңадан 300 орындық мектеп салу, тозығы жеткен электр желісін жаңарту, ауыл стадионын жаңғырту мәселелері де қамтылған. Ауылдықтар кандидаттың сөзі көңілден шықты дейді.

Лаура ҚУАНЫШЕВА, БӨРЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыл тұрғынын таңдағанымыз жақсы. Себебі ол кісі бәрін өзі біледі, іште болған соң. Судың проблемасы, жолдың проблемасы дегендей. Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ шешуге, таңдауға. Енді қазір бізде мүмкіндік бар. Өзіміз таңдай аламыз әкімді.

Батыс Қазақстан облысындағы 9 аудан бойынша 31 ауылдық округте әкім сайлауы өтеді. Үміткерлердің 25-і «Nur Оtan» партиясының атынан тіркелген. Ал қалғандары белсенді азаматтар мен басқа партиялардың өкілдері. Демек, бұл да қоғамды демократияландыру жолындағы оң үрдіс деп қабылдаған жөн, дейді мәжіліс депутаттары.

Аветик АМИРХАНЯН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұған дейін әкімдер жоғарыдан тағайындалды. Олар жергілікті жерге үйренгенше біраз уақыт өтетін. Енді жағдай өзгерді. Тұрғындар өздеріне ұнаған азаматты әкім қылып сайлай алады. Бүгінгі жиында ауылдықтарды толғандырған бірқатар мәселе көтерілді. Болашақта мұның бәрі оң шешімін табады деп сенеміз.

Е. Карин