Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда балаларды қинаған тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
19.08.2021ж. 20:00
1877
Атырауда балаларды қинаған тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Әлеуметтік желіде тараған  дәретханаға   байланған  балалардың  видеосы көпшіліктің ашуын туғызды. Бейнежазба авторының айтуынша, олар- Атыраудағы №3 арнаулы қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушілері, ал өзі осы орталықтың бұрынғы қызметкері.     

Бұрынғы қызметкердің сөзін орталық директоры жоққа шығарды. Айтуынша, ол болған оқиғаны ол мезетте басшыға жеткізбеген. Тек 3 айдан кейін ғана әлеуметтік желіге жариялады дейді.  

Гүлжан ҚАЗИЕВА, №3 АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ол кісі маған ондай нәрселерді айтқан жоқ. Балаларды әжетханаға отырғызған кезде олардың топқа бөлінген тәрбиешісі немесе палата санитарлары бірге барып әжетханада отырады. Бұған дейін біздерде байлау фактісі орын алған жоқ.  

Бұл жағдайға байланысты құзырлы орыНдар тексеру жүргізген. Балалардың қасында болуы тиіс тәрбиеші мен оның көмекшісі "сол кезде шаруашылық бикесі боп жұмыс істеген Ұлбике Бисекенованың өзі бізді жұмсап жіберген, балаларды біз байлаған жоқпыз" деп олар азар да безер болған.  Ал мұның рас-өтірігін анықтау қиын дейді мамандар. Себебі орталықта 100-ге тарта бейнебақылау камерасы болса да, дәретханадағы жағдайды көру мүмкін емес.

Альфия ТӨРЕҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Директордың кемшілігі, неге шаруа бикесі әр блоққа кіріп, әр баланы түсіреді. Неге бала қараусыз қалады?- деген сияқты.Сол жерде шарасын қолданды. Басқарма басшысы қатаң сөгіс берілді.

Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды.  

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда қылмысқа күдікті екі тәрбиеші короновирустық инфекция жұқтыруына байланысты ем қабылдауда, соған байланысты тоқтап тұр. Балалардың денесінен дене жарақаттары анықталған жоқ.

Айта кетейік, видео авторы орталықтан бензин талонының ұрлануына қатысы бары бейнебақылау камерасы арқылы анықталып, жұмыстан шеттетілген. Қазір бұған қатысты да тергеу жүріп жатыр.

Б. Надірқызы