Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Өскемендегі "Қамқорлық" орталығында 500-ден астам бала оңалту курсынан өтті

AstanaTV
15.10.2021ж. 20:00
1571
Өскемендегі "Қамқорлық" орталығында 500-ден астам бала оңалту курсынан өтті

Өскеменде "Қамқорлық" балалар орталығында түрлі ауытқушылығы мен аурулары бар 536 бала оңалту курсынан өтті.  Орталық Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен  бір жыл бұрын ашылған болатын. Бүгін қор директоры Дариға Назарбаева бейімдеу орталығында болып, жұмысымен танысты. Толығырақ алдағы сюжетте

Екатерина Иванова- бейімдеу орталығында күрделі ем қабылдағандардың бірі. Жас спортшы егер "Қамқорлық" орталығы болмағанда,  мүгедек болып қалуым мүмкін еді дейді.   Ол оңалтудан сәтті  өтіп, үлкен спортқа қайта  оралатынына сенімді.

Екатерина ИВАНОВА, БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЕМДЕЛУШІСІ:

Үш айлық емнің нәтижесінде, қазір қолым қозғалады, маған енді сезімталдықты қайтарып алу ғана қалды.  Менің мұнда мүмкіндіктерім көп, дәрігерлер әр науқасқа өте жақсы қарайды,   ерекше қамқорлық көрсетеді, шынымды айтсам, өзімді үйімдегідей сезінемін.

Жас каратэші Дариға Назарбаеваға өзінің жетістіктері туралы да айтты.  Орталықтағы ем алушылардың тағы бірі-Бақытжан. Ол   қазір оңалту курсынан өтіп қана қоймай, ертегілер де жаза бастаған.

Ал 9 жасар Жасмин Рахымжанды мұндағылар  ханшайым дейді. Бір жыл бұрын ол  анасымен бірге жол апатына түсіп, 4 ай   төсекке таңылған. Оңалту курсының арқасында Жасмин қазір өздігінен отырып,  заттарды қолына ұстай алады. Жәймендеп сөйлей де бастаған.

"Қамқорлық" орталығында 29 маман жұмыс істейді. Барлығы  қосымша біліктіліктен өткен .

Дариға НАЗАРБАЕВА, Н.НАЗАРБАВ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Нәтиже бар, балалар өздерін жақсы сезінеді. Әр баланың арманы бар. Үмітсіз өмір жоқ. Сондықтан үміт пен сенімді жоғалтпаңыздар. Біз өз тарапымыздан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атынан сіздерге үнемі қамқорлық көрсетіп, қолдау көрсетеміз.  Жаңа әдістемелер әкелеміз. Бұл -қажетті, тұрақты әрі үлкен жұмыс.

Қосымша білім беру орталығында Дариға Назарбаева Qabilet кабинетінде болды. Онда "Елбасы медалі" бағдарламасының жеңімпаздарына қола медаль  табысталды. Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 950 оқушы осы бағдарламаға қатысқан, соның  32-сі  марапатқа ие болды. Сондай-ақ Дариға Назарбаеваға онкология және хирургия орталығындағы заманауи операциялық бөлмелер мен палаталар көрсетілді.   Орталық ертең  науқастарды қабылдай бастайды.

Б. Сатуов