Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылжарда жылу тарату компаниясы тұрғындарды шығынға батырды

AstanaTV
12.11.2021ж. 20:00
1294
Қызылжарда жылу тарату компаниясы тұрғындарды шығынға батырды

Қызылжарда жылу тарату компаниясы коммуналдық төлемді екі есе қымбат төлеуді талап етіп отыр.  Тұрғындар  айдың басында коммуналдық ақының түбіртегін алып, аң-таң болды. Кәсіпорын   жылу құнынан бөлек, «жылу шығыны» деген тармақ ойлап тауыпты.  Ал оның ақысы  негізгі төлемнен екі есе артық. Құзырлы орынның бұл әрекеті заңды ма? Аймақтағы тілшіміз мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Жеке тұрғын үй иесі Александра Перепелкина орталықтандырылған жылу жүйесінің қызметін 12 жылдан бері пайдаланып келеді. Осыған дейін 50 шаршы метр үшін ай сайын шамамен 10 мың теңге төлеп жүрген отанасы айдың басында келген   түбіртекті көріп, таң қалды.  Енді  ол  жылу құбырларының далада жоғалтатын температуралық шығынын да төлеуі керек.

Александра ПЕРЕПЕЛКИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ  ТҰРҒЫНЫ:

Өткен айда бір аптаға берілген жылу үшін маған 1900 теңге санапты. Бірақ жылудың қосымша шығыны үшін мен 2200 теңге үстінен тағы төлеуім керек. "Севказэнергоға" звондап едім, жылу құбырларын қаптау керек деді. Бірақ біздің трасса онсыз да қалың материалдармен оралған. Жартысы жер астында жатыр. Енді көршілерімізбен бірге не істерімізді білмей отырмыз.


Александра бұл туралы әлеуметтік желіде жариялады. Оған жүздеген тұрғын қолдап, дәл сондай мәселеге тап болғанын олар да жарыса жазды. Ал "Севказэнерго" компаниясының өкілдері тұрғындардың өздері кәсіпорынмен келісім шарт жасасқан кезде осы талапқа көнгенін айтады.

Лилия ШЕРИНА, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жылу магистралінен тұрғын үйге дейінгі аралықта жатқан құбырдағы жылу шығынын тұрғындар өздері өтеуі тиіс. Егер оларда жылу есептеуіш құрылғысы тұрса, бұл ақы тарифке қосылады. Ал есептеуіш құрал болмаса, онда біз жылу шығынын бөлек санаймыз. Бұл норма бес жыл бұрын бекітілген. Тұрғындардың неге бұл мәселені қазір көтеріп жатқанын түсінбедім.


Бірақ жылу шығынын қалай есептейтінін жауапты кәсіпорын өкілі ашып айтпады. Монополияларды реттеу агенттігінің мамандары да  одан бейхабар.

Вячеслав ЛУКИНЫХ, СҚО ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Біздің мемлекеттік мекеме жылу шығынын есептеумен айналыспайды. Құбырлардың салқындауының формуласы бізде жоқ. Онымен арнайы компаниялар айналысады. Тұрғындар соларды жалдау керек. Жалпы, егер тұрғындар тарифтің құнымен келіспесе, бізге жүгінуі тиіс. Кейін департамент әр тұтынушының мәселесін жіті қарастырады.

Сала мамандары жылу тарату компаниясының заң аясында жұмыс істеп жатқанын меңзейді. Ал жұрт коммуналдық төлемді табан астынан екі есе артық төлеуге көнбейтінін айтады.  Құзырлы тараптарға хат жолдамақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Тұрғындардың атйуынша,  "Севказэнерго" компаниясында өткен аптада ірі апат болып, жылу құбырлары біршама салқындап кеткен. Батарейлер үйді әзер жылытса да, жылу ақысы төмендемеген. Ал жылу тарату кәсіпорны бұл  келеңсіздік үшін ешкімнің алдында жауап берген жоқ дейді.


А. Құрманкин