Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Елордада «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәреге жетті

AstanaTV
13.12.2021ж. 20:00
2275
Елордада «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәреге жетті

Елордада «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр аламанын тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясының қолдауымен мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Дүбірлі додада ақындар Тәуелсiз Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетiстiктерiн, Елбасы саясатының арқасында берекесі артып, бірлігі жарасқан елдегі ауызбіршілік пен саяси тұрақтылықты, Тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен тұлғалар туралы жырлады. Арасында әдемі әзіл мен жарасымды қалжың да айтылды.

Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН:


Аға ақындар бар ішімізде, бала ақындар бар.Баланың балалығын кешіріп, ағаның үлкен ағалығынан даналық күтетін, халыққа ой салатын. Ең бастысы мынау "Алтын домбыра" деген алтын деген атқа лайық бір алтындай айтыс болады деп есептеймін.

Жыр бәйгесі  тартысты болды. Кіл мықтылар жиналған аламанда қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңай болмады.   Сондықтан ешкім жүлдесіз қалған жоқ. Ал Бас жүлде – «Алтын домбыра» және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағайындаған темір тұлпар  шашасына шаң жұқтырмаған Бекарыс Шойбековке бұйырды. Дүбірлі доданың бас жүлдесін жеңімпазға табыстаған  «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бекзат  өнерді ұлықтауға атсалысып жүрген азаматтарға және  ақындарға ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ еліміздегі көшбасшы партия төл мәдениетімізді дамытуға әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.   

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең басты біздің құндылығымыз ол Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің арқасында біздің төл мәдениетіміз, тіліміз, дініміз айтыс өнері дамып келе жатыр. Елбасы басынан бастап "Мәдени мұра" бағдарламасын бастады. Қаншама біздің мәдениет ошақтары жөндеуден өтті. "Ұлы даланы жеті қыры", "Рухани жаңғыру" бағдарламасы жүзеге асырылды. «Nur Otan» партиясы шын мәнінде халықтық партия ретінде , тәуелсіздіктің партиясы ретінде әрқашанда руханиятымызды, отбасымызды, төл мәдениетімізді, дәстүрлі музыканы, мәдениетті біз қолдаймыз.

Б. Сатуов