Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атырау тұрғынын азаматтық некеде болған бұрынғы күйеуі пышақтап кеткен

AstanaTV
11.03.2022ж. 20:00
1561
Атырау тұрғынын азаматтық некеде болған бұрынғы күйеуі пышақтап кеткен

Атырау тұрғынын азаматтық некеде болған бұрынғы күйеуі пышақтап кеткен. Абырой болғанда   38 жастағы келіншек дін-аман. Бірнеше пышақ жарақатымен ауруханаға түскен.  Ол оқиғаның мән-жайын өзі әлеуметтік желіде тікелей эфирде ашық айтып берді.
 
31 жастағы азамат бұрынғы әйелінің үйіне келіп, жанжал шығарып, бірнеше жерден пышақ сұққан. Ауруханаға қансыраған күйде жеткізілген науқасқа алғашқы көмек көрсетілді,- дейді дәрігерлер.

Бекболат ҚУАНЫШЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ТРАВМАТОЛОГЫ:
 
Жарақаттар өте көп. Бастың шаш бөлігінде жарақаты бар. Екі  қолында, екі аяғында көптеген жарақаттары бар. Ең тереңдеу, қиындық әкелетін жарақаты  ол  - сол жақ қолындағы жарақаттар, сол жердегі қол басының 3-інші, 4-інші сауасақтары  сынған, сол жердегі сіңірлері үзілген.   

Ауруханада  өз-өзіне келген соң келіншек «Не молчи» қоғамдық қорына хабарласып, көмек сұраған.   Әлеуметтік желі арқылы  тікелей эфирге шығып,  болған жағдай туралы өзі толық баяндаған.  Айтуынша,  азаматтық некеде болған күйеуінен екі баласы бар. Алайда  2019 жылдың аяғында ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткен. Соған қарамастан, жігіт оның үйіне келіп, жанжал шығарып, балаларының көзінше соққыға    жығып, зорлық көрсеткен көрінеді.   

Екатерина, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Ол  маған  каншама рет қысым көрсетті.  Үйдің қоршауынан секіріп түсіп,  терезені сындырып,  үйге келеді.  Ондай жағдайлар өте көп болды. Мен учаскелік полицияға қоңырау шалдым.  Бірақ нәтиже жоқ. Мысалы, қаңтар айында арыз жаздым. Полиция ештеңе болған жоқ қой деп,- арызымды қайтып алуымды сұрады.

Облыстық полиция басқармасының ақпаратынша,  әйелдің әр шағымынан соң  шара қабылданған.   Соңғы екі жылда күдіктінің үстінен  отбасылық жанжалдарға байланысты 4 қылмыстық, 7 әкімшілік іс қозғалғанын айтады.  Тіпті қорғау нұсқамасын да бердік,-дейді.  

Абзал ӘЛІПҚАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Арыздарды бас тартуға мәжбүрледі деп отыр ғой  инспекторды. Сол бойынша бұйрық шығарып, қызметтік тексеріс жүргізетін боламыз.

Күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.  Екатеринаның айтуынша, бір емес бірнеше рет әкімшілік және құқық бұзған азаматқа судьялардың жазаны тек «ескерту» түрінде  берген. Ол бұл жолы  істі соңына дейін жеткіземін,- деп отыр.
 
Б. Надірқызы