Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атыраулықтар көрісу күнін ерекше тойлады

AstanaTV
15.03.2022ж. 20:00
1568
Атыраулықтар көрісу күнін ерекше тойлады

Еліміздің батыс өңірлерінде «Көрісу» немесе «Амал мерекесі» биыл ерекше басталды. Олар бұл күнді халықтық мейрам ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ғасырлар өтсе де әлі күнге дейін мән-мағынасын жоймаған ұлттық мерекені мұнайлы өңір тұрғындары  ерекше қарсы алды. Ұшақтан түскен қонақтар әуежайда төс қағысып көрісіп, қоғамдық көліктерде жолаушылар үшін ән салды. Сағына табысқан ағайынның ақжарма көңілі мен бүгінгі мерекелік шаралар туралы өңірдегі тілшіміз әңгімелейді.

Таңмен жұмысқа асыққан жолаушыларға бүгін автобуста ерекше көңіл-күй сыйланды. Ұлттық киіммен сәнденген өнерпаздар домбыра мен баянға қосылып, әуелетіп ән шырқап қоғамдық көлікті думанға бөлеп жіберді. Жолаушылардың жүзіне күлкі ұялап, халық әндерін қосыла шырқады. Хиуаз Доспанова халықаралық әуежайында да дәл осындай салтанат. Ұшақтан түскен жолаушыларды шашу шашып қарсы алып, төс қағыстырып көрісіп күтіп алды.

Мерекелік салтанат қала көшелерінде де жалғасты. «Амал келді – жыл келді» атты жылжымалы сахна айналаны думанға бөледі. Көрісу күн облыстық мұражайдың алдында да жалғасты. Мұнда қазақы салт-дәстүрлер насихатталған театраландырылған көрініс қойылды.

Лаура ҒАЗИЗОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ерекше ілтипатпен, жылылықпен күтеміз. Көрісу айтта адамдар бір-біріне жақсы тілегін арнап, бір-біріне  ниетін білдіріп, жыл басталды. Өмірге өзгерістер келіп жатыр.  Жаңа жыл толып толып жатыр деген сияқты үлкен қуанышпен күтеді.

Бақтыбек ТАУБАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл тек қана қол алысып, құшақтасып көрісу емес, бұл ең алдымен имандылықтың мерекесі. Шынайы ниетімізбен  көрісіп жатқанымыз  бұл ынтымақтықты, бірлестіктің, бірлікті арттыратына ешқандай күмән жоқ.

Жылда бұл мезгілде қар кетіп, көктем лебі сезілетін. Бүгін күн ашық болғанымен шыңылтыр аяздың сынар түрі жоқ. Соған қарамастан амал мерекесін атап өтушілердің көңілі көтеріңкі. Айта кетейік, бұл мереке бір күнмен бітпейді. Келесі наурызға дейін көріспегендер қауышып, араздасқандар ақ тілек үстінде табысады.

Б. Надірқызы