Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Абай философиясы Президентіміздің Жаңа Қазақстан туралы көзқарасымен үйлесіп жатыр», – Мәжіліс Төрағасы Е.Қошанов

AstanaTV
19.05.2022ж. 20:00
1610
«Абай философиясы Президентіміздің Жаңа Қазақстан туралы көзқарасымен үйлесіп жатыр», – Мәжіліс Төрағасы Е.Қошанов

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Шығыс Қазақстан облысында болып, өңір жұртшылығымен кездесті.  Абай облысының құрылуымен құттықтады. Аймақтың серпінді дамитынынан  сенім білдірді. Әрі алдағы референдумға қатысты халықты толғандырған  сұрақтарға  жауап берді. Толығырақ тілшіміз Айсәуле Съезбек айтады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алдымен Семей қаласының жұртшылығымен кездесті. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен ел аумағында  жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндірді. Әрі Жаңа Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы тағдырын айқындайтын іргелі мақсат-міндеттерге тоқталды. Бұның барлығы жалпыхалықтық референдумнан басталатынын атап өтті. Ең бастысы, жаңа Қазақстанмен бірге түлеген Абай облысының  қарқынды дамитынынан  зор сенім артатынын жеткізді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «АМАNАT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын. Біз Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз. Осы істе Парламент Мәжілісі, «AMANAT» партиясы да сіздермен бірге болады.

Палата спикері бұдан кейін Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасына арнайы барып, ақ халаттылармен кездесті. Қабырға материалдарын шығаратын ірі кәсіпорынның бірі  –  «Силикат»  зауытында да болды. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты.

ШҚО Ары қарай Ерлан Қошанов Абай ауданындағы Қарауыл ауылына   ат басын бұрды.  Мақсат – жұртшылыққа Президент бастамаларының, соның ішінде, алдағы Конституциялық референдумның мән-маңызын түсіндіру. Мәжіліс төрағасы Парламенттің рөлі күшейетініне, еліміздің сайлау жүйесінде бірқатар өзгеріс болатыны туралы кеңінен айтты.  

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «АМАNАT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа қазақстандық қандай болады деген сұрақтар бар. Бір жарым ғасыр бұрын Абай жауабын беріп кеткен. Жаңа Қазақстандық бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық болу керек. Талап, еңбек, терең ой,  қанағат, рахым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз дейді. Бұл – жаңа қазақстандықтың мен ойлаймын нағыз бейнесі. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің жаңа Қазақстан туралы көзқарасымен үйлесіп жатыр. Сондықтан жастарды білімге, еңбекке баулу үшін осы бес қасиетті Абай айтқан бойына сіңіру маңызды.

Мұны өңір халқы жақсы біледі, түйсінеді. Президентпен бірге Жаңа Қазақстан құру үшін  жаңа өзгерістерді қолдайтындарын айтты.

 Амантай МҰҚАТАЕВ, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

Президентіміз алғашқы өзінің жұмысына кіріскен сәттен бастап, осы демократиялық принциптердің жүзеге асуын өзі сөз етіп жүрген болатын. Халық соны күтетін. Бүгін сол сұрақтарына жауап алды ғой деп ойлаймын. Толық қолдаймыз.


Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

Жаңа облыс құрудың өзі реформа. Жаңа Қазақстан құру деген жай сөз емес қой. Ол -халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту деген сөз. Ол кісінің өзі осылай деп айтты. Бұның өзі- реформа. Яғни, біз болашаққа сеніммен қараймыз. Болашақтың болатынына, жаңа Қазақстанның болатынына кәміл сенеміз.


Мәжіліс Төрағасы Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-гимназиясына да барды. Мектеп ұжымымен кездесіп, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Сөз арасында «Президент ел тағдырын – қалың жұрттың өзі шешкенін қалап отыр. Осынау жауапты кезеңде халық пен билік біртұтас болуы керек" деді.  Сондықтан Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, референдумға бір кісідей атсалысуға, тарихи таңдау жасауға шақырды.

А. Съезбек