Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

"Конституцияға енгізілетін өзгерістер әрбір қазақстандықтың өміріне әсер етеді" – А.Оралов

AstanaTV
30.05.2022ж. 20:00
1157
"Конституцияға енгізілетін өзгерістер әрбір қазақстандықтың өміріне әсер етеді" – А.Оралов

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов референдум жайын түсіндіру үшін Павлодар облысына арнайы барды. Саяси науқанның мазмұнын саралаудан зиялы қауым өкілдері де, ауыл жастары да, еңбеккерлер де қалыс қалмады. Жүздесуге ассамблея мүшелері мен жергілікті спортшылар да келді.  

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов алдымен Баянауыл жастарымен жолықты. Оның пікірінше, конституциялық реформа халықтың сұранысына толық жауап береді. Ал әлеуметтің қалауы - демократиялық әрі әділ қоғам құру, - деп атап өтті кездесуде.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Сіздер үшін, мен үшін де осы референдум алғашқы рет. Сондықтан да осы жауапкершілікті сезіне отырып, өзгерістерді қолдап, баршаңызды осы сәтті пайдалана отырып, референдумге белсенді қатысуға шақырамын.

Жастар – үнемі қоғамдық-саяси өзгерістерден хабардар болуы тиіс. Өйткені олар- елдің қозғаушы күші. Бұны жас буын   жақсы түсінеді. Биология пәнінің мұғалімі Бөгембай Бахитденов референдум да, Президенттің  өзге де реформалары да саясаттағы жастардың үлесін арттыруға бағытталған деп санайды.

Бөгембай БАХИТДЕНОВ, МҰҒАЛІМ:

Ата заңымыздың өзгергені жас ұрпаққа, жас келешек буынға өзінің пайдасын тигізеді. Себебі Президент айтқандай, Жаңа Қазақстанды біз бірге құруымыз керек. Осы жолда тайынбай еңбек етуіміз керек.

Сәния АЛПЫС, МӘДЕНИ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Мен 5-маусымда референдумға келемін. Дауысымды беремін. Мен демократияға қолдау көрсетемін. Мен алдағы Қазақстанға  сенемін. Және оның барлығы жастардың қолында.

Жастар ғана емес, жалпы Баянауыл ауданының тұрғындары саяси мәні зор қадамның мазмұнына қанық екендерін жеткізді. Ал Ақсулықтар  5 маусым күні өз таңдауын жасауға асығып отыр. Партияның Атқарушы хатшысы қаладағы ферроқорытпа зауытының жұмысшыларымен кездесті. Еңбеккерлердің әрқайсысы өзгерістер  өмірімізге жаңашылдық әкеледі  деп топшылайды.   

Николай СУХОТЕРИН, ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Біз үлкен тарихи маңызы бар оқиғаның алдында тұрмыз. Конституция – бұл біз өмір сүретін басты құжат. Сондықтан Президент ұсынып отырған өзгерістерді қолдаймыз. Біздің референдумға барып иә немесе жоқ деп таңдау жасау құқығымыз өте бағалы қадам болмақ.  


Асхат Оралов облыс орталығында зиялы қауым өкілдерімен және ақсақалдармен жүздесті. Олар  жергілікті тұрғындардың жаппай сайлау учаскелеріне барып, дауыс беретіндерін жеткізді.

Рымтай ШӨКЕЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Барлығымыз да референдумға барып, мемлекеттің мүддесі үшін, біздің балалардың мүддесі үшін ертең дұрыс өмір сүруі үшін, жаңадан құрылып жатқан Жаңа Қазақстан үшін біз дауысымызды береміз.

Павлодар облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері  референдумды бірауыздан қолдайды. Аймақтың бетке ұстар  спортшылары да өзгерістер елдің тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді деп біледі.

Ольга НИКОЛАШИНА, «ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ФИННО-УГОР ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Конституциялық реформаның Парламент арқылы шеше салса да  құқыққа қарсы болмас еді. Бірақ бұл жолы біз құқықтық мәдениеттің даңғыл жолы – референдумды таңдап отырмыз. Бұл – тарихи маңызды оқиға.


Атқарушы хатшы партия активімен де жиын өткізді. Ертіс-Баян өңірінде 220 партия ұйымына біріккен 48 мың аманаттық бар. Ал партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев   электролиз және мұнай-химия зауыттарының ұжымымен кездесті. Өндіріс қызметшілерін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

А. Съезбек