Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің офицері 7 жылға сотталды

AstanaTV
08.06.2022ж. 20:00
1345
Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің офицері 7 жылға сотталды

Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрыңғы офицері сотталды. Ол жеке компанияның басшысынан пара алмақ болған деген күдікке іліккен еді. Жемқорлармен күрес қызметкерінің өзі енді 7 жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Алайда сотталушы да, қорғаушы тарап үкіммен келіскен жоқ.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Оқиға былтыр сәуір айында басталған. 31 жастағы жедел уәкіл өзі қызмет ететін Сыбайлас жемқорлыққа қатысты департамент қызметкерлерінің - «Полимер Продакшн» компаниясының басқарма төрағасын тексеріп жатқанын білген. Оған істі тоқтатуға ықпал ете алатынын айтып, қарымтасы ретінде алдымен 50, кейін 30 млн теңге талап еткен. Тараптар 21 млн теңгеге келісіпті.

Зарема ХАМИДУЛЛИНА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сотталушы Муятов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел уәкілі қызметін атқара тұра,  пайдакүнемдік ниетте 2021 жылдың сәуір айынан бастап, 2021 жылдың 30 маусым айы аралығында жәбірленуші Бимағамбетовтің сеніміне кіріп, одан алаяқтық жасап және оны пара беруге айдап салып, 21 млн теңге ақша қаржы  алғаны толықтай анықталды.

Сотта белгілі болғандай, жедел уәкіл жеке компания өкілімен жұмыстан тыс уақытта, түнгі мезгілде моншада кездескен. Онысы телефондағы қоңыраулар мен хабарламалар, бейнебақылау камералары, сараптама қорытындысы арқылы дәлелденді,- деді судья. Осылайша қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауға оқталған және лауазымды адамға ірі мөлшерде пара беруге айдап салу бабымен кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Бірақ сотталушы да, оның қорғаушысы ретінде қатысқан әкесі де үкіммен келіскен жоқ.  
 
Бақыт МУЯТОВ, ҚОРҒАУШЫСЫ, ӘКЕСІ:

Ол өзі айтты арызданушы  ол сұраған жоқ.  Мен оның айтқанын,  ол 3-ті көрсетті  соны мен 30 млн ба деп айттым дейді. Бітті соған соттап отыр. Істі басынан бастап, аяғына дейін фальсификация жасаған. Подлох жасаған, өтірік  хаттамалар толтырған. Жауаптарының барлығын подлох жасаған жаңағы айыпқа. Аппеляцияға да береміз, жоғары сотқа да береміз. Конституционный сотқа да береміз.  

Айта кетейік, 31 жастағы жедел уәкіл Қызылорда облысының тумасы. Одан жәбір көріп, шағымданған кәсіпкер жерлесі екен. Енді сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды. Әрі экс-лауазымды қызметкерді сот 5 санатты біліктілік сыныбынан айырды. Үуім әлі күшіне енген жоқ.

Б. Надірқызы