Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жайылым тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері өз деңгейінде шешуі керек, - Э.Жұмағазиев

AstanaTV
09.06.2022ж. 20:00
1351
Жайылым тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері өз деңгейінде шешуі керек, - Э.Жұмағазиев

«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшесі Мейрамбек Төлепбергенмен бірге Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Үлгілі ауылдық округінің тұрғындары, жайылым тапшылығына шағымданды. Бүгінде округте 1400 бас ірі қара, 13 мыңға жуық ұсақ мал, 700 бас жылқы бар. Ауыл тұрғындарына мал жаю үшін шамамен 8 мың гектардай жер қажет, бірақ қазір оларда бары – 4 мың гектар ғана.  Өз кезегінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков Үлгілі ауылы әкімдігі мен «Бансет» шаруа қожалығы арасында 680 гектар жайылымды бірлесіп пайдалану туралы меморандум жасалғанын атап өтті. Шаруашылық басшысы ауыл тұрғындарына мал жаю үшін қосымша 1000 гектар жерді пайдалануға рұқсат берген.

Бөгенбай БИТАБАРОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Міне Таластың жағасын түгел жиде басып кеткен, мал жайылатын жер жоқ сондықтан мен беріп отырмын. Алғашында 174 гектар бердім, одан кейін 100 гектар бердім, қазір 200 гектар жерді пайдалануға беріп отырмын. Кәсіпкерлерге айтарым артық жерлеріңіз болса беріңіздер.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
 
Әрине, ауылдық жерлерде мал басын көбейту керек. Бұл халық табысының өсуіне тікелей әсер етеді. Жайылым жер тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері өз деңгейінде шешуі тиіс. Бұл үшін оларда тиісті бюджет болуы қажет. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы аталған мәселені жүйелі шешу мақсатында заңнамаға түзетулер енгізу бастамасын көтеруді жоспарлап отыр.

Бұдан соң партиялықтар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кеңес өткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген шенеуніктерге пайдаланылмаған жерді мемлекетке қайтару тетігін белсенді қолдану керек екенін еске салды. Бұған дейін «AMANAT» партиясында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясында арнайы жобалық кеңсенің ашылғаны туралы хабарланған болатын. Статистикалық есептің жаңа әдістемесін әзірлеп, әрбір ауылдың экономикалық мамандануын анықтайтын деректер жинау жоспарлануда.

Б. Жұмабайұлы