Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырауда қызметіне салғырт қараған полицей 3 жылға сотталды

AstanaTV
15.08.2022ж. 20:00
1269
Атырауда қызметіне салғырт қараған полицей 3 жылға сотталды

Атырау қаласындағы Авангард мөлтек ауданында  4 жігітті атып тастаған  маңғыстаулық азаматтың  қанды оқиғадан бұрын  қарумен жүргені  туралы  полицияға хабарланған. Алайда учаскелік полицей дер кезінде әрекет етпепті. Бүгін Атырау қаласының екінші соты  кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторына үкім кесті. Оның үстінен балаларынан айырылған ата-аналар шағымданған болатын. Сотта зардап шегуші азамат полиция учаскесіне барып, бұрынғы жұбайының азаматтық некедегі жолдасы балаларын ұратынына қатысты  шағымданған. Және оның  баласы да үйінде тапанша мен оқ-дәрі барын ескертіпті. Ол полицейдің кеудесіндегі бейнетіркеуіште дәлелденген. Сот "қару сақтау дерегі жөнінде хабарламаға немқұрайлықпен қарап, ешқандай әрекет жасамаған" 36 жастағы полиция капитанына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Және құқық қорғау органдарында  өмір бақи қызмет етуге тиым салды.

Ержан ӘЛІПҚАЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
 
Ниматов нақты көрсеткен сізге Бауыржан Қарада пистолеті бар,  тапаншасы бар, баланы қалай олармен жіберемін? Осындай жағдайда қалай, не істеуге болады деп. Сіз қазір сотқа, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басынан бастап,  кінәңізді мойындамай,  құлағым естімей қалды, құлағым ауырады деп.  Оны енді жазбада анық көрсетіліп тұр.    

Естеріңізге салайық, жұртты дүр сілкіндірген қанды қылмыс  наурыз айында болды. 29 жастағы жігіт ақ түсті Renault Duster көлігіндегі адамдарға тапаншамен оқ жаудырған. Салдарынан 3 жігіт оқиға орнында қаза тауып, біреуі ес-түссіз  күйде жансақтау бөлімшесіне жеткізілді. Күдікті қашып бара жатқан жерінен ұсталып, тергеу абақтысына қамалған болатын.  Күдіктіге қатысты іс әлі сотқа жеткен жоқ,  тергеу амалдары жүріп жатыр.

Б. Надірқызы