Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Астанада хоккейден «Қазақстан Президентінің кубогы үшін» VII халықаралық турнирінің ашылуы өтті

AstanaTV
09.08.2016ж. 19:40
2422
Астанада хоккейден «Қазақстан Президентінің кубогы үшін» VII халықаралық турнирінің ашылуы өтті

Астанада хоккейден «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» халықаралық турнирінің ашылуы өтті. Дәстүрлі дода биыл жетінші рет ұйымдастырылды. Шайбалы хоккейден халықаралық турнирді «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған спорттық шараға Қазақстан, Ресей негізгі хоккей командаларымен қатар, алғаш рет Қытай елінің ойыншылары да қатысады. Биыл Құрлықтық хоккей лигасының құрамына қабылданып, астаналық «Барыс» клубымен бір дивизионда өнер көрсететін команда кубок жолындағы бірінші кездесуді ашты. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов ойыншылар мен жанкүйерлерді халықаралық турнирдің басталуымен құттықтады.

Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Биылғы Кубок ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтілетін жылы ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл бөліп, қолдауының арқасында қазақстандық хоккей үлкен дәрежеге жетіп отыр. Бүгінде елімізде кеңінен танымал спорт түрі. Хоккей секцияларына жыл сайын жүздеген бала жазылады. Аталған спорт түрінің болашағы зор - бұл қуантарлық жайт.

Кубоктың алғашқы кездесуі Бейжіңнен келген "Куньлунь Ред Стар" командасымен астаналық «Барыс» арасындағы ойыннан басталды. Елордалық команда алғашқы минуттардан қарсылас қақпасына лап қойды. Айдын иелері қақпадан саңылау табу үшін санаулы минуттарда бірнеше рет соққы жасап үлгерді. Бірақ ойын барысында екі хоккейшінің соқтығысып қалуынан, қытайлық команданың шабуылшысы жарақат алды. Кейін қонақтар ойынды жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде, кездесу айдын иелерінің пайдасына шешілді. Бейжіңдік спортшылар техникалық жеңіліс тауып, елордалық команда 0:5 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетсек, Президент кубогы үшін хоккей турнирі - қытайлық «Куньлунь Ред Стар» командасының дебюты. Осы команда арқылы Қытай өз хоккейшілерін 2022 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындамақ. 

Берік ХАСЕНОВ