Шаханда жарылыс болған бес қабатты үйдің подъездері халықтан жиналған қаржыға бекітілетін болады. Бұл жайында қамқорлық кеңесінің төрағасы Жамал Мамерханова мәлімдеді. Қор жұмысын бастаған екі аптада 79 млн теңге жиналған. Оның 13 миллиондайы қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына материалдық жәрдем ретінде берілді. Бұған қоса марқұмдарды жерлеу рәсімі өткізілді. Ендігі басты мәселе - бес қабатты үйді толықтай қалыпқа келтіру.
Жамал Мамерханова, қамқорлық кеңесінің төрағасы:
Біз бұл іске 30-35 млн теңге кетеді деп есептегенбіз. Алайда, жерлеу рәсімі мен жабдық өткізуге жұмсалған ақша мейлінше артып отыр. Сондықтан шығындардың көбейетіні анық. Егер қаржы жетсе, автономды жылыту жүйесі бар үйлердің тұрғындарының қауіпсіздігі үшін оны да жасаймыз.
Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Пеш жағушы әлі табылмаған. Еске салсақ, қаңтардың 1-і күні тұрғын үйде болған жарылыстан Шахан кентінде 9 адам қаза тапты. 4 отбасы баспанасыз қалса, 10 отбасы бұл үйге оралуға қорқып отыр. Қор өкілдері зардап шеккендерге жаңа пәтер алып беру туралы шешім қабылдады. Қазір 13 пәтердің иесі өздеріне үй қарап жатыр. Келісімге келген соң олардың баспанасы үшін қаржыны қор төлеп, коммерциялық банктің бірі шығынды өтеп бермек.