«Аялдама» деген жерге аялдаймыз...

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2017

Біздер, қазақтар бәрін керісінше істейміз. «Аялдама» деген жерге аялдаймыз. «Мазмұндама» десе мазмұндаймыз. «Кіріспе» деп кірісеміз. «Хабарлама» деп қоямыз да хабарлаймыз. Сондықтан «ел бол» деп айтпайық, «ел болма» деп айтайық. Ел болып кетерміз.

«Дөп сөз» айдарының кейіпкері публицист-жазушы Шархан Қазығұл. 

Марк Твен 21- ғасырда тек қысқа әңгімелер ғана оқылады деген екен. Күні кеше тағы бір кітаптың тұсауы кесілді. Қысқа әңгімелерден тұратын кітаптың аты – «Оңашадағы онлайн ойлар». Авторы - публицист-жазушы Шархан Қазығұл. 

Біздер, қазақтар бәрін керісінше істейміз. «Аялдама» деген жерге аялдаймыз. «Мазмұндама» десе мазмұндаймыз. «Кіріспе» деп кірісеміз. «Хабарлама» деп қоямыз да хабарлаймыз. Сондықтан «ел бол» деп айтпайық, «ел болма» деп айтайық та. Ел болып кетерміз.

Саламат Омаш:«Оңашадағы онлайн ойларға» автордың әлеуметтік желіде жазған, мерзімді басылымдардың біріне тұрақты түрде жарияланған тұжырымдары топтастырылған. Автордың дәстүрлі журналистика мен интернет-журналистиканың стилін ұштастырғанын байқауға болады.

 Шархан Қазығұл, публицист-жазушы: 

Бұл енді менің оңашада отырып жазған ойларым ғой. Бірақ халыққа жария қылғаннан кейін бәрібір онлайн деп қосуға тура келді. Бұл бір жағынан заманауи ат болды.

Социализмнің кезінде қолынан ештеңе келмейтін адам өрт сөндіруші немесе прапорщик болатын. Қазір түкке жарамайтындар әншілікке ұмтылады. Біз, әншілер халық үшін қызмет етіп жүрміз дейді. Осы сөзден логика көрсем көзім шықсын. Болат Атабаевтың бір сөзі есіме түсіп отыр: «Мен халық үшін де емес, мемлекет үшін де емес, өзім үшін еңбек етемін. Қалған сөздің бәрі – өтірік сөз». Ол әр нәрсені өз атымен айта алатын жігіт.

Саламат Омаш: Кітаптың өз ерекшелігі бар. Жаңа айтқанымыздай, стилі һәм тілі. Өзектілік. Өткірлік. Шебер қиюласты­рыл­ған қисын. Авторға ғана тән харизма. Тың тұжырым.

 «Халық үшін қызмет ететін» адамдардың шығаратын қуыршақтарын  Астана дүкенінен көріп құлап қалдым. «Қарақат» деп аталатын қуыршақ қыз 90 мың теңге тұрады екен. Қасымда тұрған Шымкенттің бір жігіт айтты: «Ойбай-ау, бұл ақшаға мен Шымқаладан «живой қыз» сатып аламын ғой».

Шархан Қазығұл, публицист-жазушы: 

Кітаптың басты лейтмотиві деп айтсам болады, мынандай ойлар бар ішінде - бірін-бірі көре алмайтын қазақтан бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтын қазаққа айналсақ.

Мектепте оқып жүрген кезімізде қоғамтану пәнінің мұғалімі «Құдай бар ма, жоқ па, оны бір Құдайдың өзі біледі» дейтін. Социализм дәуірінде бұдан артық қалай айтуға болатын еді.

Саламат Омаш: Біз айдарымыздың форматына сай кітаптың ішіндегі қызықты, жеңіл жазбаларды теріп алдық. Негізінде, қалтаға сыйып кететін кітапта автор суретшілердің картиналарын талдап, Брамс пен Шнитке сынды композиторлардың шығармашылығы туралы айтады. Толстойдан бір мысал келтіріп, артынша Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дүкенбай Досжан, Төлен Әбдіктердің шығармашылық лабораториясын қызықты штрихтармен суреттейді.

Біздің «ұлттық идеямыз» - «Ланд Крузер» міну. Ата-бабадан қалған қасиет. Аталарымыз үйден гөрі астындағы атын маңызды санаған. Мен жатақханада тұратын, бірақ кредитпен джип мініп жүрген талай жігіттерді лично танимын. Оларға «ұлттық идеяны» қолдаушы ретінде достық рәуішпен қараймын.

Қаладағы кедейлер өздерін тек бір жағдайда ғана керемет сезінетінін байқап жүрмін. Жаяу жүргіншілер жүретін «полосадан» өткенде. Неше түрлі көліктер жол бойында қаңтарылып тұрады. Ал олар «зебрадан» алшаң басып, асықпай өтіп бара жатады. Дәл осы «зебра» олардың өз құқықтарын толығымен пайдаланатын бірден-бір жер.

Шархан Қазығұл, публицист-жазушы: 

Кейбір ойларымды әлеуметтік желіде, фейсбукта таратып отырамын. Оны жасырмаймын. Халық та біледі. Жалғасын жазып жатырмын.  

Қасымда келе жатқан жолдасым айтты: «Осы ояқ, бұяқ деп сөйлейтіндерден жек көретінім жоқ». Менің айтқан жауабына ол өлгенше күлді: «Осы ояқ, бұяқ  деп сөйлейтіндер қаяқ еді?». 

Саламат Омаш:Шархан Қазығұл тұсаукесер рәсіміне кітаптың 200 данасын тегін таратуға алып келген. Бұнысы оқырманмен тез бөлісу.

Лев Толстойдан үйрене алған бір-ақ нәрсем бар. Ол жарықтық бітпеген дүниесінің соңына «ЕБЖ» деген белгі қояды екен. Онысы – «если буду жив» дегені. Бүгін мен де бұл белгіні осы дүниемнің соңына қойсам деймін. Өлгеніңше ойлап өту өмірдің ең басты миссиясындай көрінеді де тұрады.

Саламат Омаш: Иә, ең үлкен мектеп – өмір мектебі. Өмір сүру деген еңбек ету.  Ал өлгеніңше ойлап өту расымен біздің миссиямыз секілді. Құрметті көрермен, ұшқыр ой, дәл сөздің иелері, жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!